Jaqtime.kz Қызылорда облысы прокуратурасының мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылы алимент төлеу міндеттемелерін қасақана орындаудан жалтарған борышкерлерге қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабымен 32 қылмыстық іс тіркелді. Заң талаптарына сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары көзделген.

Фото (ЖИ)
Бүгінгі таңда аталған қылмыстық істер бойынша 12 борышкерге қатысты айыптау үкімдері шығарылып, 5 іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды, сондай-ақ 3 қылмыстық іс сотта қаралуда, ал қалған 12 іс қылмыстық қудалау органдарының өндірісінде жатыр.
Мәселен, 2023 жылдан бастап қалыптасқан 12 миллион теңге алимент берешегін төлеуден жалтарған борышкер «Ж.А.» Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 20 мамырдағы үкімімен 1 жыл бас бостандығынан шектеу жазасына тартылды.
Осыған орай, Қызылорда облысының прокуратурасы кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу міндеті ата-аналарға жүктелгенін қатаң еске салып, азаматтарды алимент төлеу жөніндегі міндеттемелерін уақытылы орындауға шақырады.



