spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарАбай мұрасы – ұлттың рухани темірқазығы

Абай мұрасы – ұлттың рухани темірқазығы

Ұлттың рухани болмысын қалыптастыруда, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда және ұлттық сананы жаңғыртуда ұлы ойшылдардың қалдырған мұрасы мәңгілік бағдаршам болып қала береді. Осындай даналықтың биік шыңында тұрған тұлғалардың бірі де бігейі – қазақтың ұлы ойшылы, ақыны, ағартушысы, философ-гуманисті, композиторы әрі көркем сөз шебері Абай Құнанбайұлы. Сондықтан да Ұлы ақынның туған күні мен оның мол мұрасы ел көлемінде ерекше құрметпен, терең мән-мағынамен аталып өтіледі. Жаңақорған ауданындағы «Руханият» орталығында да ұлы ақынның туған күніне орайластырылған «Абай жолы мәңгілік» атты салтанатты әрі рухани-танымдық шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Елдің рухын көтеріп, жастарды отаншылдыққа баулуды мақсат еткен бұл тағылымды жиынға аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан, өңірдің зиялы қауым өкілдері, шығармашылық саланың беделді мамандары, жастар және ақын өнерін сүйетін қалың көрермен қауым арнайы қатысып, тағылымды кештің куәсі болды.
Бұл күні «Руханият» орталығының фойесі ерекше рухани әрі эстетикалық атмосфераға бөленді. Аудандық кітапхана ұжымының ұйытқы болуымен әзірленген «Абай – руханияттың алтын қазығы» атты кең көлемді кітап көрмесі келушілердің зор қызығушылығын тудырды. Бұл көрмеге ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық жолын, оның терең философиялық ой-толғамдары мен қара сөздерін қамтитын сирек кездесетін әдебиеттер, зерттеу еңбектері мен тарихи жинақтар қойылды. Көрме арқылы әрбір көрермен Абайтану ғылымының тереңіне бойлап, ақынның рухани әлемімен қайта қауышқандай әсер алды. Көрменің басты мақсаты – ақынның сөз өнеріндегі дара орнын көрсетіп қана қоймай, оның ағартушылық идеяларын қазіргі қоғамның сұранысымен сабақтастыра білу еді. Ұлы мұраны ұлықтау тек салтанатты жиындармен шектелмей, жас ұрпақтың білімін саралайтын танымдық бағытта да өрбігіні қуантады. Шара аясында Жастар ресурстық орталығында жастар арасында Абай шығармашылығы мен өмір жолына арналған арнайы сұрақ-жауап сайысы ұйымдастырылды. Зияткерлік жарысқа қатысқан белсенді жастар ақынның өлеңдері мен қара сөздерін, оның өмірдегі өнегелі сәттерін қаншалықты терең меңгергендігін көрсетіп, өздерінің ақын мұрасына деген адалдықтарын дәлелдеді. Бұл сайыс жастардың кітап оқуға деген ынтасын арттырып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге үлкен серпін берген маңызды қадам болды.


Мерекелік шара одан әрі мәжіліс залында өткен әсерлі де мазмұнды өнер кешіне ұласты. Салтанатты кештің шымылдығын ашқан аудан басшысы Ғалымжан Жарқынбек жиналған барша қауымды Абай күнімен ыстық ықыласпен құттықтап, өз сөзінде ұлы ақынның артында қалдырған мол мұрасын кеңінен насихаттаудың, оның тағылымды ойлары мен «толық адам» концепциясын жас ұрпақтың бойына сіңірудің бүгінгі қоғам үшін стратегиялық маңыздылығына ерекше тоқталды.

Аудан басшысы Абай мұрасы – тек өткеннің шежіресі емес, ол – болашаққа жол сілтейтін шамшырақ екенін баса айтты. Шара барысында Абай шығармашылығын дәріптеуге айрықша үлес қосып, мәдени-рухани шаралардың сапалы өтуіне белсенді атсалысып жүрген бірқатар шығармашылық өкілдеріне аудан әкімінің арнайы Алғыс хаттары салтанатты түрде табысталып, олардың еңбектері жоғары бағаланды.
Мәдени бағдарламаның көркі болған «Қазақтың ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлы» атты театрландырылған қойылым көрерменді ой түбіне батырып, терең толғанысқа түсірді. Сахнада ақынның өмірдегі қиын-қыстау сәттері, оның халық тағдырына деген алаңдаушылығы мен ағартушылық күресі шебер сомдалды.

Сондай-ақ, кеш бойы Абайдың терең мағыналы қара сөздерінен әсерлі үзінділер оқылып, тыңдаушылардың жүрегіне жол тартты. Ауданның өнерпаздары ақынның «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» сияқты сырлы да сызды әндерін әуезді орындап, көрермендерге рухани ләззат сыйлады. Рухани кештің түйіні өте әсерлі де тебірентерлік сәтпен қорытындыланды. Шара соңында залдағы барша көрермен орындарынан тік тұрып, Абай мұрасына деген шексіз құрметтерін білдіре отырып, ұлы ақынның әйгілі «Көзімнің қарасы» әнін бір ауыздан қосыла шырқады. Бұл сәт залдағы халықтың бірлігі мен ұлттық рухтың асқақтауын айқын танытып, тағылымды шараны жоғары эмоционалды деңгейде түйіндеді.
Қорыта айтқанда, Абай мұрасы – ұлттың рухани темірқазығы, ол ешқашан өз маңызын жоғалтпайтын мәңгілік қазына. Ұлы ақынның ой-толғамдары мен өнегелі шығармаларын бұлайша ұлықтау – ұлттық сананы жаңғыртудың, қоғамда білімге, адал еңбекке және жоғары адамгершілікке деген құндылықтарды орнықтырудың ең төте әрі сенімді жолы болып қала береді. Елдің ертеңі болар жас ұрпақ Абай сөзін тұмар етіп өссе, ұлтымыздың рухани биігі мен болашағы әрдайым жарқын болмақ.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР