spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарҚызылорда облысында 4 мыңға жуық жасөспірім қыз АПВ екпесін алды

Қызылорда облысында 4 мыңға жуық жасөспірім қыз АПВ екпесін алды


Адам папиллома вирусының ерекшелігі – инфекция көп жағдайда бастапқы кезеңде ешқандай айқын белгі бермейді. Сондықтан адам өзінің вирус жұқтырғанын білмеуі мүмкін. Көп жағдайда иммундық жүйе вирусты өздігінен жеңе алады. Алайда инфекция ағзада ұзақ уақыт сақталған кезде жасушаларда қауіпті өзгерістердің пайда болу қаупі артады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жатыр мойны обыры жағдайларының басым көпшілігі жоғары онкогенді адам папиллома вирусы инфекциясымен байланысты. Осыған байланысты АПВ инфекциясының алдын алу – болашақта жатыр мойны обырының ауыртпалығын төмендетудің тиімді жолдарының бірі.

АПВ-дан қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі – вакцинация. Вакцинаның негізгі мақсаты – адам ағзасын вируспен алғаш кездескенге дейін қорғау. Сондықтан АПВ-ға қарсы екпе жасөспірімдік кезеңде жүргізіледі.

Халықаралық тәжірибе АПВ вакцинациясының тиімділігін көрсетіп отыр. Бүгінде көптеген мемлекеттер адам папилломавирусына қарсы вакцинацияны ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізген. Вакцинация жүргізілген елдерде АПВ инфекциясының, жыныс сүйелдерінің және жатыр мойны обырына дейінгі өзгерістердің деңгейі төмендегені байқалады.

Вакцинация әйелдер арасында жүргізілетін профилактикалық тексерулер мен скринингтік бағдарламаларды алмастырмайды. Бұл шаралар бірін-бірі толықтырады.

Қазақстан Республикасында адам папилломавирусына қарсы вакцинациялау 2024 жылдан бастап ұлттық иммундау жүйесі аясында жүргізіле бастады.

2024 жылдан бастап 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы жоспарлы вакцинация, сондай-ақ 12–13 жастағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізілуде. Бұл – қыз балалардың болашақ денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды профилактикалық шара.

Ал биылдан бастап вакцинациямен қамтылатын жас аралығы кеңейтілді. Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырдағы №7 қаулысына сәйкес, 14 жастан 17 жас аралығындағы қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинация ерікті негізде жүргізіле бастады.

Бұл шешім вакцинациядан белгілі бір себептермен тыс қалған жасөспірім қыздарды профилактикалық қорғаумен қамтуға мүмкіндік береді.

АПВ-ға қарсы вакцинация медициналық ұйымдарда және белгіленген тәртіпке сәйкес білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде жүргізіледі. Кәмелетке толмағандарға вакцинация ата-анасының немесе заңды өкілінің ақпараттандырылған келісімімен жүзеге асырылады.

Адам папиллома вирусының алдын алу бағытында Қызылорда облысында да түсіндіру және ақпараттық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Медициналық ұйымдардың мамандары ата-аналарға вакцинацияның маңызы, оның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

2026 жыл басынан бері АПВ-ға қарсы вакцинаны 3771 қыз бала алды. Бұл көрсеткіш өңірде қыз балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған профилактикалық шаралардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.

Дегенмен вакцинация мәселесінде ата-аналардың ақпараттандырылған шешім қабылдауы аса маңызды. Әрбір ата-ана баласының денсаулығына қатысты сұрақ туындаған жағдайда медициналық мамандардан нақты әрі сенімді ақпарат алғаны жөн.

Баланың денсаулығын қорғау тек ауру пайда болған кезде емдеумен шектелмеуі тиіс. Аурудың алдын алу, оның ішінде вакцинациялау – денсаулық сақтаудың ең маңызды бағыттарының бірі.

Сондықтан ата-аналарды адам папилломавирусы, оның қауіптілігі және вакцинацияның маңызы туралы сенімді ақпаратқа сүйенуге, медицина мамандарымен кеңесуге және баланың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.

Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР