spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарЖастар жігері жалындаған кеш: Жаңақорғанда «Open Air Zhanakorgan» мерекелік концерті өтті

Жастар жігері жалындаған кеш: Жаңақорғанда «Open Air Zhanakorgan» мерекелік концерті өтті

JAQTIME.KZ Жастық шақ – адам өміріндегі ең жарқын, ізденіс пен арманға толы ерекше кезең. Ал ел болашағын бағамдау – дәл осы белсенді әрі білімді жастардың қадамдарына байланысты. Дәстүр бойынша 12 тамыз – Халықаралық жастар күні ел көлемінде ерекше сән-салтанатпен атап өтіледі. Бұл айтулы күнге жаңақорғандық жастар да ерекше серпінмен әрі жоғары ұйымшылдықпен келіп жетті. Айтулы мерекеге орай аудандағы «Prime Park» орталық саябағында ашық аспан астында жастарға арналған «OPEN AIR ZHANAKORGAN» атты ауқымды гала-концерт өтті.

Ерекше атмосферада өткен бұл кешке аудан тұрғындары, белсенді жастар мен арнайы шақырылған қонақтар жиналып, өнер мен көтеріңкі көңіл-күй тоғысқан ұмытылмас сәттерге куә болды.

Мерекелік шараның ресми бөлігі аудан басшылығының құттықтауымен ашылды. Шараға аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан арнайы қатысып, жиналған қауымды Халықаралық жастар күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Өз сөзінде аудан басшысы: «Сіздерді 12 тамыз – Халықаралық жастар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің кемел болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Әрқайсыңыздың жетістіктеріңіз – ауданымыздың жетістігі. Сондықтан алдарыңызға қойған мақсаттарыңыз биік, қадамдарыңыз нық болсын!» – деп атап өтті. Сондай-ақ шара барысында ауданымыздың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген, әртүрлі салада үздік нәтиже көрсеткен белсенді жастарға ерекше құрмет көрсетілді. Мемлекеттік қызмет, білім, спорт, мәдениет, еріктілік және кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүрген біршама жасқа аудан әкімінің Алғыс хаты салтанатты түрде табысталды. Бұл марапат – жастардың еңбегін бағалау әрі оларды жаңа белестерге ынталандырудың жарқын үлгісі болды.

Ресми бөлімнен кейін кештің мәдени-сауық бағдарламасы басталып, саябақ іші ерекше қарқынды энергетикаға толды. Жастардың талғамына сай ұйымдастырылған кешке көршілес өңірлерден арнайы өнерпаздар шақырылды. Сахна төрінде Шымкент қаласынан келген «Oskar show» ұжымы көрермендерге ерекше шоу-бағдарлама ұсынса, Қызылорда қаласынан келген «DJ Dimvsh» заманауи тректер мен ырғақты әуендерімен ашық аспан астындағы би алаңын жалындатты.

Кеш бойы жастар сүйікті әндерін қосыла шырқап, заманауи би ырғақтарына ілесіп, ұмытылмас ерекше әсер алды. Бұдан бөлек, мерекелік концерт барысында көрермендер арасында түрлі интерактивті ойындар ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар ойнатылды. Тыңдармандар тек жақсы көңіл-күй ғана емес, арнайы жүлделерге де ие болып тарқасты.

«OPEN AIR ZHANAKORGAN» кеші – жай ғана концерт емес, аудан жастарының басын қосқан, олардың бірлігі мен ізгі бастамаларын әйгілеген үлкен мерекеге айналды. Таза ауада, заманауи форматта өткен бұл шара Жаңақорған жастарының бойындағы жігер мен жалынды тағы бір мәрте айқындап берді.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР