spot_img
spot_img
HomeUncategorized8 елді мекенді газбен қамту жұмыстары жүргізілуде

8 елді мекенді газбен қамту жұмыстары жүргізілуде

Jaqtime.kz Өңірлерді дамыту, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру және заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы ауқымды жұмыстар қарқынды түрде жалғасуда. Осы орайда, елді мекендерді табиғи газға қосу — тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, ауылдық аймақтардың экономикалық дамуына да тың серпін беретін маңызды қадамдардың бірі.



Аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан Сырдария өзенінің бойында орналасқан 8 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жобасының құрылыс барысын арнайы аралап көрді. Үкіметтің және облыс әкімінің тікелей қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бұл стратегиялық жоба аясында Қожакент, Өзгент, Ақсуат, М.Нәлібаев, Жаңарық, Қыркеңсе, Байкенже және Билібай ауылдары көгілдір отынға қосылатын болады.



Жобаның жалпы құны 2,9 миллиард теңгені құрайды. «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы шеңберінде 2026–2027 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 33 шақырымды құрайтын жоғары қысымды газ құбыры мен 34,7 шақырымдық ауылішілік тораптарды тарту жоспарланған.

Қазіргі таңда бекітілген кестеге сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кетті. Тек 2026 жылдың өзінде 27 шақырым газ құбырын жүргізу көзделген. Бүгінгі таңға дейін 8 шақырым аумақта жер қазу жұмыстары аяқталып, 3,5 шақырым болатын газ құбыры ойдағыдай төселді.

Жұмыс сапары барысында аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, құрылыстың жоғары сапада жүргізілуін қатаң бақылауда ұстау, белгіленген кестені ауытқусыз сақтау және маңызды әлеуметтік нысанды уақытылы пайдалануға беріп, халық игілігіне ұсыну қажеттігі баса айтылды. Сыр бойындағы елді мекендерді газбен қамту ауыл жұртшылығының тұрмыс жағдайын едәуір жақсартып, экологиялық таза әрі арзан энергия көзіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР