Спорт – тек дене шынықтырудың емес, рух пен жігердің, қайсарлық пен табандылықтың мектебі. Елімізде жыл сайын атап өтілетін Спорт күні қарсаңында Сыр бойының саңлақтары бас қосқан мерекелік кездесу өтті. Жаңақорған ауданының әкімі Жарқынбек Ғалымжан ауданның спорт саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ардагерлерді, жаттықтырушыларды және байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғаған жас спортшыларды арнайы қабылдап, олардың еңбегіне жоғары құрмет көрсетті.

Аудан басшысы салтанатты жиынды құттықтау сөзімен ашып, Сыр өңірінде спорт саласының терең тамыр жайған тарихы мен өзіндік тамаша дәстүрі бар екенін ерекше атап өтті. Сала мамандары мен спортшыларды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаған аудан әкімі аумақта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, жастардың бұқаралық спортқа деген ынтасын арттырудың маңыздылығын тілге тиек етті. Ауданда тәрбиеленген талай талантты өреннің республикалық, халықаралық ареналарда ел байрағын биіктен желбіретіп жүргені – барша жаңақорғандықтар үшін үлкен мақтаныш екенін жеткізді.
Аудан әкімі өз сөзінде биылғы жылдың жемісті көрсеткіштеріне де ерекше тоқталып өтті. Жыл басынан бері Жаңақорған ауданының саңлақтары Әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпионаттарында бақ сынап, қоржынды 51 алтын, 27 күміс және 11 қола медальмен толықтырған. Бұл толайым табыстар – оңайлықпен келмеген еңбек. Спортшылардың күн сайынғы тынымсыз жаттығулары мен бапкерлердің кәсіби шеберлігінің, толастамас жігерінің жемісі.
Кездесудің салтанатты бөлігінде ауданның спорт саласын өркендетуге бар ғұмырын арнаған сала ардагерлеріне, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген Әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегерлеріне, сонымен қатар жеңімпаздарды баптап өсірген жаттықтырушыларға аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен арнайы сый-құрмет көрсетілді.
Мұндай ыстық ықылас пен құрметке ризашылықтарын білдірген спорт ардагерлері мен бапкерлер сөз алып, ауданда спортты дамытуға жасалып жатқан жағдайлар үшін аудан басшылығына алғыстарын жаудырды. Олар жас спортшыларға ақ батасын беріп, алдағы асуларда да ел мерейін үстем етер жеңісті күндердің көп болуын тіледі. Аудандағы бұл мерекелік қабылдау спортшылардың еңбегін бағалап қана қоймай, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлкен серпін мен шабыт сыйлаған тағылымды кездесуге айналды.



