Jaqtime.kz 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптарда оқушылардың білімін бағалаудың жаңа тәсілі енгізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді. Жаңа өзгерістің басты мақсаты – баланың тек жатталған білімін ғана емес, оны өмірде қалай қолдана алатынын және қандай практикалық дағдыларды меңгергенін жан-жақты бағалау.

Фото (ЖИ)
Енгізіліп жатқан басты өзгерістер мен жаңа жүйенің маңызды тұстары төмендегідей:
1-сыныптардағы тәртіп өзгеріссіз қалады: Бірінші сынып оқушылары бұрынғыдай бағаланбайды.
Тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталады: Тоқсан соңында бөлек ТЖБ өткізілмейді, бұл оқушылардың да, мұғалімдердің де жүктемесін едәуір азайтады.
Формативтік бағалаудың үлесі 50%-ға артады: Күнделікті формативтік бағалау 1-ден 10 балдық шкала бойынша жүргізіліп, тоқсандық бағаның жартысын (50%) құрайды. Мұғалім әр оқушыны тоқсан ішіндегі сабақтардың кемінде 30%-ында бағалауы тиіс (мысалы, 30 сабақ болса – кемінде 9 рет). Баға бір ғана тапсырма үшін емес, әртүрлі сабақ кезеңдеріндегі нәтижелердің жиынтығы ретінде қойылады.
Аралық бағалау енгізіледі: Әр бөлім аяқталған сайын қорытынды ретінде аралық бағалау жұмыстары жүргізіледі. Оның ең жоғары балы сыныптар бойынша бөлінген: 2-сыныпта – 12 балға дейін, 3-сыныпта – 14 балға дейін, 4-сыныпта – 16 балға дейін. Бұл жұмыстарды мұғалімдер Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының әдістемелік ұсынымдары негізінде өздері әзірлейді.
Тоқсандық бағаны шығару тәртібі: Оқушының тоқсандық қорытынды бағасы екі көрсеткіш негізінде автоматты түрде қалыптасады – 50% формативтік бағалау және 50% аралық бағалау.
Жазбаша жұмыстар форматы: Тілдік пәндер мен математика бойынша барлық жазбаша жұмыстар дайын үлгілер мен шаблон парақтарында емес, оқушылардың өз дәптерлерінде орындалады. Бұл каллиграфияны, зейінді және есте сақтау қабілетін дамытуға ықпал етеді. Тілдік пәндерде тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдылары толық қамтылады.
Жаратылыстану және дүниетану: Бұл пәндерде тек теориялық білім емес, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық, зерттеушілік және практикалық дағдылар бағаланады. Ол үшін зертханалық, жобалық және зерттеу жұмыстары қолданылады.
Барлық пән бағаланады: Бұған бөлек бағаланбай келген «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Музыка» және «Дене шынықтыру» пәндері бойынша да күнделікті формативтік бағалау жүргізіліп, тоқсанына бір рет пән ерекшелігіне сай аралық бағалау ұйымдастырылады.
Модерация тоқтатылады: Бастауыш сыныптарда балдарды біркелкі қою мақсатында жүргізілетін модерация рәсімі толығымен алынып тасталады. Бұл ұстаздарға қағазбастылықтан арылып, тікелей оқушылармен жұмыс істеуге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.



