Jaqtime.kz Өзгент ауылындағы №224 орта мектептің ауласы ерекше шаттық пен серпінді қуанышқа бөленді. Облыстық білім басқармасының тікелей қолдауымен бой көтерген заманауи спорт алаңы салтанатты түрде пайдалануға беріліп, ауыл балаларының асыға күткен арманы шындыққа айналды.

Маңызды инфрақұрылымдық нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Нариман Жахудаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Жанболат Ахметжанов, сондай-ақ ауылдың каделі зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар мен мектеп оқушылары арнайы қатысты. Жиын барысында сөз алған қонақтар мұндай заманауи нысандардың ауыл ішінде ашылуы өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына, дене шынықтыруды серік етуіне және бос уақыттарын пайдалы әрі тиімді өткізуіне зор ықпал ететінін ерекше атап өтті.
Ауыл оқушылары үшін нағыз мерекеге айналған бұл күн тек жылы лебіздермен шектелген жоқ. Айтулы оқиғаға орай жаңа алаңда оқушылар арасында волейболдан аудандық турнир ұйымдастырылып, жас спортшылар алғашқы болып шеберліктерін шыңдап, өзара бақ сынасты. Қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған жаңа кешен енді ауыл жастарының тұрақты шынығатын сүйікті мекеніне айналары сөзсіз.
Атап айтар болсақ, бұл бастама тек Өзгентпен шектеліп қалмайды. Қазіргі таңда Жаңақорған ауданы бойынша бұқаралық спортты дамыту мақсатында №169, №51, №125, №213, №209, №184 және №194 мектептердің де аулаларында дәл осындай заманауи спорт алаңдарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл кең ауқымды жұмыстар аймақтағы дене шынықтыру саласының өркендеуіне жол ашып, келешек чемпиондардың ауыл мектептерінен суырылып шығуына берік негіз қалайды.



