spot_img
spot_img
HomeCпортТуған жерге тағзым: Қыраш жастары мен кәсіпкерлері ауылға жаңа күрес залын сыйлады

Туған жерге тағзым: Қыраш жастары мен кәсіпкерлері ауылға жаңа күрес залын сыйлады

Jaqtime.kz Сыр өңіріндегі Қыраш ауылы тұрғындары мен жастары асыға күткен көптен бергі қуанышқа кенелді. Елді мекенде жаңа күрес залы пайдалануға берілді. Жергілікті халық пен спорт сүйер қауым үшін шынайы мерекеге айналған бұл айтулы жиынға аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбек арнайы қатысып, ауылдықтарды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтады.


Аудан басшысы өз сөзінде «Ауылына қарап азаматын таны» деген аталы сөздің мәніне тоқталып, туған жерін түлетуге ұмтылған азаматтардың еңбегін ерекше атап өтті. Бұл нысанның бой көтеруі – жай ғана құрылыс емес, ел болашағына, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың салауатты өмір салтына салынған үлкен инвестиция. Ауыл кәсіпкерлері мен белсенді жастарының, сондай-ақ осы өңірден түлеп ұшқан азаматтардың тікелей демеушілігімен салынған бұл спорт кешені ел азаматтарының жұмылған ынтымағын айқын аңғартады.


– Қыраш ауылының кәсіпкерлері мен жастарының демеушілігімен салынған күрес залы баршаңызға құтты болсын! Бұл – тек бір ғимарат емес, ауыл балаларының арманына жол ашатын үлкен мүмкіндіктер мекені. Осы игі бастаманың жүзеге асуына атсалысқан барша азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Осы күрес залынан болашақта байрақты бәсекелерде, Азия мен Әлем чемпионаттарында, Олимпиада төрінде еліміздің көк туын желбірететін чемпиондардың тәрбиеленіп шығуына тілектеспін, – деді аудан басшысы.

Салтанатты жиынның мән-маңызын арттыра түскен мәртебелі қонақтардың қатары да қалың болды. Шараға Қаржы саласының үздігі, Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Қалхазбек Әжібеков, белгілі жазушы, драматург, журналист, тарихшы, филология ғылымдарының кандидаты Жолтай Әлмашов және бокстан КСРО спорт шебері Даутбек Жұматов арнайы келіп қатысты. Ел ағалары ақ тілектерін арнап, Қалхазбек Әжібеков мұндай игі бастамалардың ауылдағы бұқаралық спортты дамытудағы мәні зор екенін тілге тиек етсе, Даутбек Жұматов жас спортшыларға ақ батасын беріп, үлкен спортқа сәт сапар тіледі.


Шара барысында туған жерге жанашырлық танытып, спорт залының құрылысына және оның ел игілігіне берілуіне елеулі үлес қосқан азаматтар аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Қолдау білдірген демеушілерге тұрғындар да ерекше ризашылықтарын білдірді.
Жиын соңында жаңа күрес залының лентасы салтанатты түрде қиылып, қатысушылар мен ауыл тұрғындары жаңа спорт нысанын аралап көрді. Жаңадан ашылған заманауи нысанда еркін және қазақ күресімен айналысуға барлық жағдай жасалған: арнайы кілемдер төселіп, киім ауыстыратын бөлмелер, жуынатын орындар мен қажетті спорттық инвентарьлар толық орнатылған. Талай талантың бағын ашатын бұл кешен – ауыл азаматтарының туған жерге деген сүйіспеншілігі мен ортақ іске жұмыла білетін ынтымағының нақты дәлелі.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР