spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарЖаңақорғанда Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуы аталып өтті

Жаңақорғанда Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуы аталып өтті

Jaqtime.kz Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай Жаңақорған ауданында бейбітшілікті ұлықтауға, тарихи тағылым беруге және ядролық қарусыз әлем идеясын насихаттауға арналған бірқатар маңызды да тағылымды шаралар өтті. Семей қасіреті – халқымыздың тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болғандықтан, еліміз бен жеріміз үшін әскери борышын өтеп, зардап шеккен азаматтардың ерлігі мен еңбегін дәріптеу – бүгінгі ұрпаққа ортақ парасатты парыз.


Мерекелік әрі тарихи дата аясында аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан Семей сынақ полигонында әскери борышын өтеген ардагерлерді арнайы қабылдап, оларға ерекше құрмет көрсетті.

Қабылдау барысында аудан басшысы ардагерлерге жүрекжарды алғысын білдіріп, елге сіңірген өлшеусіз еңбектерін жоғары бағалап, ауданның жоғары марапаттарының бірі – Құрмет грамотасын табыс етті. Салтанатты жиынға «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Жұмабаев Шраздин мен Семей сынақ полигонының ардагері Мұстафа Жұманқожаев қатысып, көрсетілген ыстық ықылас пен жылы лебіздер үшін ризашылықтарын білдірді. Ардагерлеріміздің қайсарлығы мен ерлігі кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа әрдайым өнегелі үлгі болып қала бермек.
Сонымен қатар Жаңақорған кентіндегі «Тағзым» алаңында Семей сынақ полигонында борышын өтеп, қаза тапқан азаматтарды еске алуға арналған салтанатты тағзым шарасы ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Нариман Жахудаев, ардагерлер мен жергілікті жастар қатысты. Рәсім барысында ескерткіш белгіге гүл шоқтары қойылып, ел үшін жанын фида еткен қаза болған жерлестеріміздің рухына Құран бағышталды.

Тарихи күннің маңызын тереңірек ашу мақсатында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ядролық қарусыз әлем» атты ауқымды дөңгелек үстел өтті. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Нариман Үсенұлы, полигон ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен аудан жастары жиналды. Жиында баяндама жасаған Нариман Үсенұлы Семей полигонының жабылуы – Тәуелсіз Қазақстанның бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздік жолындағы тарихи әрі батыл шешімі екенін айрықша атап өтті. Сондай-ақ ядролық сынақтардың адамзат пен табиғатқа тигізген орасан зор зардаптары, ардагерлердің ел тарихындағы алатын орны мен ядролық қарусыз әлем құрудың заманауи маңызы кеңінен сөз болды.
Рухани шара барысында аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері ақындардың бейбіт өмір мен ел тағдырына арналған отты жырларын оқып, кездесудің мазмұнын байыта түсті. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан Семей полигонына қатысушы ардагерлерге арнайы сыйлықтар табысталды. Басқосу соңында сөз алған ардагерлер сол бір қасіретті жылдардың тірі куәгері ретінде өз естеліктерімен бөлісіп, жастарды бейбітшілікті бағалауға, ел тарихын қастерлеуге және тәуелсіздіктің қадірін білуге шақырды.

Семей ядролық полигонының жабылуы – халқымыздың бейбітшілікке деген берік ұстанымы мен тәуелсіз еліміздің жаһандық қауіпсіздікке қосқан зор үлесінің айқын символы болып қала береді. Ал бүгінгі ұрпақтың басты міндеті – өткен тарихтың қасіретін ұмытпай, бейбіт өмірді бағалау және ядролық қарудан азат әлем құру идеясын әрі қарай дәріптеу.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР