spot_img
spot_img
HomeБілімҚорқыт ата университетінде инклюзивті білімге жол ашық

Қорқыт ата университетінде инклюзивті білімге жол ашық

Jaqtime.kz Инклюзивті білім беру – әрбір азаматқа жеке ерекшеліктеріне қарамастан сапалы білім алуға тең мүмкіндік беруді көздейтін маңызды бағыт. Осы бағытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге қолайлы орта қалыптастыру және педагогикалық-психологиялық қолдау көрсету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінде университетте ерекше білім беру қажеттіліктері бар 13 студент білім алуда. Олардың қатарында жаңа оқу жылында университеттің «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» білім беру бағдарламасы бойынша мемлекеттік грант иегері Нұртілеу Пірназаров та бар.

Көру қабілеті жоқ Нұртілеу үшін студент атану – жоғары білім алып, таңдаған мамандығы бойынша кәсіби жолын бастауға жасалған маңызды қадам.

«Болашақта қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, әдебиетіміздің көркемдігін және ұлттық мұрамыздың құндылығын жас ұрпаққа жеткізгім келеді. Көру қабілетіме қарамастан, білім алып, өз саламның білікті маманы болу – басты мақсатым», – дейді Нұртілеу Пірназаров.

Университетте инклюзивті білім беру арнайы білім беру қажеттіліктері бар студенттерге қолдау көрсетумен қатар, болашақ мамандарды даярлау жүйесіне де енгізілген. Қазіргі таңда 6В01 – Педагогикалық ғылымдар бағыты бойынша 34, 6В11 – Қызмет көрсету бағыты бойынша 1 білім беру бағдарламасында «Инклюзивті білім беру» пәні оқытылады.

Сонымен қатар, білім алушыларға педагогикалық-психологиялық қолдау көрсету мақсатында «Инклюзивті білім беру кабинеті» жұмыс істейді. Кабинет білім алушыларға тең мүмкіндік пен қолайлы жағдай жасауға, олардың әлеуметтенуіне және жеке дамуына қолдау көрсетуге бағытталған.

Инклюзивті білім беру бағытында педагогтердің кәсіби құзыретін арттыруға да көңіл бөлінеді. «Педагогика, психология және бастауыш оқыту әдістемесі» білім беру бағдарламасы бойынша 23 профессор-оқытушы біліктілігін арттырып, арнайы сертификаттарға ие болды.

Айта кетейік, 2026–2027 оқу жылында университет қатарына 3411 жаңа білім алушы қабылданды. Нәтижесінде оқу орнының жалпы білім алушылар контингенті 12 мыңға жуықтады.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР