spot_img
spot_img
HomeҚызылордаЖаңақорған ауданыЕңбегі ерен ардагерлер құрметке бөленді

Еңбегі ерен ардагерлер құрметке бөленді

Jaqtime.kz Қазіргі таңда қоғам дамуына өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдерін ардақтап, еңбегін елге паш ету – игі үрдіске айналған басты бағыттардың бірі. Осы орайда Жаңақорған ауданының әкімі Ғалымжан Жарқынбек ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және ел игілігіне елеулі үлес қосқан азаматтар – Сәрсенхан Жүсіпбекұлы Жүсіпбековтің 80 және Медетбек Салыбекұлы Тұрысбековтің 75 жас мерейтойларына орай оларды арнайы қабылдап, зор құрмет көрсетті.

Мерейлі басқосуда аудан басшысы мерейтой иелерінің саналы ғұмырын ел қызметіне арнап, түрлі салаларда абыройлы еңбек еткенін ерекше атап өтіп, олардың өмір жолы кейінгі жас буын үшін әрқашан үлгі-өнеге екенін жеткізді.

«Жаңақорған өңірі елге еңбегімен сыйлы, азаматтық ұстанымы мен парасат-пайымы арқылы құрметке бөленген тұлғаларға бай. Туған жердің өсіп-өркендеуіне адал қызмет еткен азаматтардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланады. Сіздерді мерейлі жастарыңызбен аудан жұртшылығының және өз атымнан шын жүректен құттықтаймын. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен руханиятына қосқан сүбелі үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке және ұзақ ғұмыр тілеймін», – деді аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбек.

Салтанатты кездесу барысында мерейтой иелеріне ауданның жоғары марапаттарының бірі – Құрмет грамотасы табысталып, ұлттық дәстүрімізге сай арнайы сый-сияпат көрсетілді. Жиын барысында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов пен еңбек ардагері Есдаулет Сейлов қадірлі қонақтардың ел игілігі жолындағы еселі еңбегіне тоқталып, жүрекжақты ақжарма тілектерін жеткізді.

Өмір жолын елге қызмет етуге арнаған ардагерлердің өнегелі еңбек жолы көпшілікке үлгі болатыны анық. Атап айтқанда, Сәрсенхан Жүсіпбекұлы Жүсіпбеков 1966 жылы Қапланбек зооветтехникумын «Мал дәрігері» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Жаңақорған ветстанциясында эпизоотехник-мал дәрігері болып бастаған. Өндірістен қол үзбей, Алматы малдәрігерлік институтында жоғары білім алып, біліктілігін арттырды. 1969 жылдан бастап «Төменарық» совхозында веттехник, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарды. Кейін аудандық малдәрігерлік станциясында мал дәрігері болып еңбек етіп, 2009 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Аудан көлемінде 42 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, ветеринария саласының дамуына айрықша үлес қосты. «Төменарық» кеңшарында ферма меңгерушісі болып қызмет атқарған жылдары төл алудан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, нәтижелі еңбегі үшін 1991 жылы «Нива» автокөлігімен марапатталған.

Ал Медетбек Салыбекұлы Тұрысбековтің еңбек жолы 1969 жылы Бірлік кеңшарында жұмысшы болып басталған. Кейін «Алматыпромстрой» мекемесінде жұмысшы, нұсқаушы, Бірлік кеңшарында автогараж меңгерушісі, Келінтөбе кеңшарында бас инженер, сондай-ақ Бірлік кеңшарындағы шұжық және құс өсіру цехтарының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. 1996–2015 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Жылжымайтын мүлік орталығы мемлекеттік кәсіпорнының Жаңақорған аудандық бөлімшесін басқарып, жауапты қызметте жемісті еңбек етті. Кейін жеке кәсіпкер ретінде жылжымалы және жылжымайтын мүліктерді бағалау саласында қызмет атқарып, 2022 жылдан бері Қызылорда облыстық нотариаттық палатасының мүшесі ретінде жекеше нотариус қызметін атқарып келеді. Ол 1985 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс», ал 2001 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша сәтті тәмамдаған.

Өнегелі басқосу соңында мерейтой иелері өздеріне көрсетілген зор құрмет пен ыстық ықылас үшін аудан басшылығына және жиналған қауымға шынайы ризашылықтарын білдірді.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР