Jaqtime.kz Алматы қаласындағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының (БҚКА) хирургтері асқазан-ішек жолына үш бірдей магнит жұтып қойған 5 жастағы балаға күрделі де сәтті ота жасады, — деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.

Магниттер баланың ағзасында ұзақ уақыт бойы қалып қойған. Салдарынан күшті магниттік тартылыс күші әсер етіп, асқазандағы бір магнит пен аш ішектегі екі магнит ішкі мүшелердің қабырғалары арқылы өзара тартылған. Дәрігерлер бұл жағдайдан асқазан мен аш ішек арасында өте сирек кездесетін патологиялық байланыс – магниттік жыланкөз түзілгенін анықтады. Ұзақ уақыт бойы түскен қысым тіндердің зақымдануы мен ойылуына әкеп соқтырған.
Бастапқыда лапароскопиялық әдіспен басталған ота, зақымдану сипаты толық анықталған соң, кішкентай пациенттің қауіпсіздігі үшін ашық хирургиялық әдіске ауыстырылды. Аурухана директорының орынбасары, ота жасаған хирург Марат Қаптағаевтың айтуынша, операция барысында жыланкөз жойылып, барлық үш магнит сәтті алынып тасталды. Зақымданған тіндер кесіліп, қайта тігіліп қалпына келтірілді, сондай-ақ құрсақ қуысына санация жасалып, дренаж қойылды.
Қазіргі таңда сәтті аяқталған емнің нәтижесінде баланың жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды. Ауруханадан шығу кезінде оның жалпы жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, операциядан кейінгі жараларда ешқандай қабыну белгілері байқалмаған.
Клиника директоры Марат Рабандияров бұл жағдай шағын магнитті ойыншықтардың балалар өміріне аса қауіпті екенін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті. Бірнеше магнит жұтылған жағдайда олар ішкі мүшелерді бірін-біріне тартып, ойық жара, тесілу, жыланкөз, ішек өтімсіздігі және перитонит сияқты ауыр асқынуларға әкеледі. Осыған байланысты мамандар ата-аналарды балалардың ойыншықтарына бақылауды күшейтіп, баланың магнит жұтып қойғанына кез келген күдік туындаған жағдайда дереу дәрігерге көрінуге шақырады. Уақытылы көрсетілген медициналық көмеk қауіпті асқынулардың алдын алудың жалғыз жолы.



