spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарЖерасты байлығы – ел ырысы: Жаңақорғанда жер қойнауын пайдаланудың заңдылығы мен инвестициялық...

Жерасты байлығы – ел ырысы: Жаңақорғанда жер қойнауын пайдаланудың заңдылығы мен инвестициялық потенциалы талқыланды

Қызылорда облыстық прокуратурасының бастамасымен және Жаңақорған ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен аймақтағы жер қойнауын пайдалану саласындағы заңдылықты сақтау, пайдалы қазбаларды заңсыз өндіруге жол бермеу және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелеріне арналған кеңейтілген көшпелі жиын өтті.

Сыр өңірінің экономикалық әлеуетін арттыруда тау-кен өндірісінің үлесі салмақты екенін ескерсек, бұл кездесудің стратегиялық әрі практикалық мәні өте жоғары. Жұмыс сапары екі негізгі кезеңнен құралып, өндірістік нысандарды аралаумен және басты мәселелерді кеңінен талқылаған жиынмен жалғасты.
Жұмыс сапарының алғашқы бөлігінде Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары Нұрболат Серікұлы Дүйсенбаев бастаған құқық қорғау және бақылаушы орган басшылары Жаңақорған ауданының әкімі Ғалымжан Жарқынбекұлымен бірге өңірдегі бірқатар ірі өндірістік нысандардың тыныс-тіршілігімен егжей-тегжейлі танысты. Арнайы аралау шеңберінде делегация өкілдері «Горнодобывающая компания Хонда» ЖШС-нің «Бурабай-Жалғызағаш» қорғасын-мырыш кен орнындағы жаңа жобасының аяқ алысын саралап, «ШалқияЦинк ЛТД» АҚ-ның өндіріс орындарына барып, тау-кен байыту жұмыстарының технологиялық барысын көзбен көре алды. Нысандарды аралау барысында инвестициялық жобаларды іске асырудың ашықтығы, инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жер қойнауын пайдалану талаптарын қатаң сақтау және өндірістік процесте туындайтын кез келген құқықтық мәселелерді заң аясында тиімді шешу жолдары басты назарда болды.
Өндіріс орындарын аралағаннан кейін кездесу «Руханият» орталығында қатты пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің алдын алу және табиғатты пайдалану саласындағы заң талаптарын бұлжымай орындау мәселелеріне арналған алқалы жиынмен жалғасты.

Басқосуда облыс прокурорының бірінші орынбасары Нұрболат Серікұлы, табиғат қорғау прокуратурасы, Экология департаменті, полиция және аудан әкімдігінің жауапты өкілдері мазмұнды баяндама жасап, саладағы қордаланған өзекті мәселелер мен алдағы басым міндеттерді ортаға салды. Жиында заңсыз кен өндірудің табиғатқа келтірер зияны мен экономикалық шығындары сараланып, заң бұзушылықтардың алдын алу механизмін барынша күшейту жайы кешенді түрде сөз болды.


Өз кезегінде аудан басшысы Ғалымжан Жарқынбекұлы инвестициялық жобаларды жан-жақты сүйемелдеу, жаңа өндіріс орындарын ашу және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту аудан экономикасы үшін басты басымдық екенін атап өтті. Сонымен бірге ол жер қойнауын тиімді пайдалану, табиғи ресурстарды қорғау, заңсыз өндіруге мүлдем жол бермеу және инвестициялық бастамалардың қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес жүзеге асырылуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар құқық қорғау және бақылаушы органдармен бірлесе отырып, ұдайы бақылауда болатынын жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша көтерілген барлық мәселелер бойынша атқарылуға тиісті міндеттер айқындалып, аймақта заңдылықты қамтамасыз ету және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану бағытында нақты іс-шаралар жоспары бекітілді.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР