Jaqtime.kz 19-20 қыркүйек күндері Астана қаласында Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.

Жәрмеңкеде Сыр өңірінің шаруалары елорда тұрғындары мен қонақтарына 500 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші бағамен ұсынады.

Сатып алушыларға Қызылорданың брендіне айналған ақ күріш, ет және балық өнімдері, табиғи ас тұзы, бақша өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, сүт және кондитер өнімдері, сондай-ақ ұлттық сусындар ұсынылады.
Атап айтқанда, 200 тоннадан астам күріш, 10 тонна ет, 25 тонна балық, 200 тонна бақша өнімі, 50 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 15 тоннаға жуық сүт және кондитер өнімдері, 5 тонна ас тұзы жеткізіледі.
Жәрмеңке 19-20 қыркүйек күндері сағат 09:00-18:00 аралығында Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы, Қарқаралы тас жолының бойында өтеді.
Ұйымдастырушылар елорда тұрғындары мен қонақтарын Сыр өңірінің табиғи әрі сапалы өнімдерін тиімді бағамен сатып алуға шақырады.



