spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарЖаңақорған ауданында әлеуметтік нысандардың жай-күйі тексерілді

Жаңақорған ауданында әлеуметтік нысандардың жай-күйі тексерілді

Мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі – халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту. Соңғы жылдары өңірде бюджет қаражаты есебінен білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларына арналған заманауи нысандар бой көтеріп, ел игілігіне беріліп келеді. Десе де, бұл ғимараттардың тек пайдалануға берілуі жеткіліксіз, олардың халыққа ұзақ жылдар бойы сапалы қызмет етуі мен дұрыс күтіп-ұсталуы – басты назарда болуы тиіс.


Осыған орай, облыс әкімінің арнайы тапсырмасымен аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан соңғы жылдары мемлекеттік бюджет есебінен салынған әлеуметтік нысандардың қазіргі жай-күйін зерделеді. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы «Қыркеңсе» ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияның, «Жаңарық» ауылдық округіндегі №167 «Келешек» мектебінің, сондай-ақ Жаңақорған кентіндегі Өнер мектебі мен Оқушылар үйінің және өзге де бірқатар ғимараттардың тыныс-тіршілігімен танысты.


Аралау барысында ғимараттардың жалпы жағдайымен қатар, олардың ішкі-сыртқы күтімі мен күнделікті пайдаланылу деңгейіне баса назар аударылды. Нәтижесінде жекелеген нысандарда ғимараттар мен ішкі бөлмелерді талапқа сай ұстауға қатысты біршама олқылықтар мен кемшіліктер анықталды. Осыған байланысты аудан әкімі жауапты тұлғаларға бұл кемшіліктерді салғырттыққа салынбай, шұғыл арада жою жөнінде нақты әрі мерзімді тапсырмалар жүктеді.


Мемлекеттік қаржыға салынған әрбір нысан ең алдымен ел игілігіне қызмет етіп, ұзақ жылдар бойы белгіленген стандарттарға сай пайдаланылуы тиіс. Құрылысты аяқтап, пайдалануға берумен жұмыс бітпейді, керісінше оны көздің қарашығындай сақтап, халыққа мінсіз қызмет етуін қамтамасыз ету – жауапты басшылар мен мекеме ұжымдарының негізгі міндеті. Мұндай тексеру әрі зерделеу жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР