spot_img
spot_img
HomeЭкономикаҮкімет халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру қажет

Үкімет халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру қажет

Соңғы 10 жылда Қазақстанда интернет алаяқтық көрсеткіші он есеге өсіп отыр. Яғни 2017 жылы республика бойынша 2 мыңдай дерек тіркелсе, қазір 20 мыңнан асып жығылады екен. Бұл Бас прокуратураның берген нақты мәліметі. Енді осы статистикаға сүйеніп, ғаламтор желісінде онлайн-қарыз алу, жалған инвестиция салу секілді заңсыз банктік операциялар кесірінен сан соғып қалған халық қанша қаржысынан айырылып қалғанын есептей беріңіз. Құқық қорғау органдары мәселені майшаммен қарағанымен электронды ұрылар айылын жияр емес. Сондықтан қатаң заңнамалық тетіктер қолданылу керек сияқты. Талайдың тиыннан теңге құрап, тірнектеп тапқанын әп-сәтте тып-типыл қылған алаяқтық схемалар да түрленіп тұрады.
-Желіде алдап-арбаудың ең көп тараған түрінің бірі – ол жылдам кірістерді уәде етіп, ақылы сауалнама толтыруды ұсынатын жалған сайттар. Бұл ретте алаяқтар қарапайым халықтың сеніміне кіру үшін экономиканың түрлі секторындағы табысты кәсіпорындардың брендін жамылып, атақты адамдар және шоу-бизнес өкілдерінің есімі мен суреттерін пайдаланады.
Әдетте алаяқтар қоңырау соғу үшін қазақстандық қаржы институттарының абоненттік нөмірлерін қайталауға мүмкіндік беретін SIP-телефония бағдарламасын пайдаланады екен. Сөйлесу барысында сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр деген сыңайлы «аңыз әңгімелер» айтып, кәсіби терминдерді қолданып, жеке мәліметтер сұрай бастайды. Мұндай жағдайда не істейміз?

МҰРАТ САРМАНОВ, ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ ӨҢІРЛІК ӨКІЛДЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
-Мұндай жағдайда келесідей кеңес береміз. Егер банк қызметкерінің атын жамылған адам қоңырау соқса, әңгімені дереу тоқтату қажет. Есте болу керек нағыз банк қызметкері дербес деректерді нақтылау үшін қоңырау соқпайды. Банкте толық қаржылық құжаттама мен кредит тарихы бар. Бұл ақпарат тек алаяқтарға ғана қажет.

Ғаламторлық қаскүнемдер сізге полиция кейпінде де хабарласуы мүмкін. Сондықтан тез иланбай, цифрлық гигиена сақтауды үйренген жөн. Яғни спамға жауап беру, контакті қалдыру немесе күмәнді сілтеме басудан аулақ болу керек. Жыл басынан бері Қызылорда облысы бойынша 6 жүздей алаяқтық қылмысы тіркелсе соның жартысынан астамы аталған электронды тұзаққа түскендер.

НҰРБОЛ НҰРМАҒАНБЕТ, ОПД ТЕРГЕУШІСІ
— Ғаламтор арқылы жасалған алаяқтықтың басым көпшілігі онлайн несиелер рәсімдеу, ОЛХ, Колесо.кз, Ватсап, Инстаграм және Крыша.кз қосымшалары арқылы мобильді құрылғыны пайдалану кезінде орын алған. Алаяқтар көп жағдайда Сізге жалған сөйлеу арқылы, ұялы телефоныңызды қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін бағдарлама орнатуға үгіттейді, сондықтан бөтен адамның сұрауымен өзіңізге беймәлім қосымшаларды жүктеу кезінде өте сақ болыңыз.//

Қазір аңқау елге арамза молда көп. Интернет алаяқтарға қаптаған қаржылық пирамида, лото клуб, ойын автоматтарын қосыңыз. Тағы сандарды сөйлетсек республика бойынша жарты миллион адам осы құмар ойынның жетегінде жүр екен. Жұртшылықты жегідей жеген заңсыз бизнестің құйтырқы механизмдеріне қалай тосқауыл қоя аламыз?

БАҚЫТБЕК СМАҒҰЛ, мемлекет және қоғам қайраткері
-Бұның бәрі де құқық қорғау органдарының күресінің тиімділігіне, біліктілігіне, жауапкершілігіне байланысты болады. Сонымен бірге Үкімет халықтың қаржылық сауаттылығын көтеру керек. Бізге де көптеген шағым түсті. Адамның құқығы тапталып жатқан мәселелер көп қой. Жер дауы, басқа болсын, жалпыхалықтық, ұлттық сипат алатын осы бір дүниеге бүкіл қоғам болып атсалыса алады. Міне осындай жағдай.

Қулық-сұмдық, айлалы әрекеттерін үнемі жаңартып отыратын пысықайлардың алдау-арбауынан аулақ болу үшін Ұлттық банк өкілдері тұрғындарға «1459» CALL-орталығына хабарласып немесе «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы тегін құқықтық кеңес алуға үндейді.

Қамбар Бекенов.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР