spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарҚазақстандағы мерзімді әскери қызмет алты айлық екі кезеңге көшеді

Қазақстандағы мерзімді әскери қызмет алты айлық екі кезеңге көшеді

Jaqtime.kz Ақорданың хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтіп, еліміздің қорғаныс саласын түбегейлі өзгертуге арналған әскери реформаның жоспары мақұлданды.

Фото (Ақорда)

Мемлекет басшысы қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құрудың маңызын атап өтіп, Қарулы күштердің сапасын арттыру бойынша нақты міндеттер қойды. Өзгерістер басқару ісін, әскери білім беруді, кадр саясатын, қорғанысты жоспарлауды және технологиялық жарақтандыруды толық қамтуға тиіс.

Отырыста Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева халықаралық тәжірибе мен заманауи ұрыс тәсілдерін ескере отырып әзірленген Жоспардың негізгі ережелерін таныстырды. Құжатқа сәйкес, Қарулы Күштердің құрылымы қайта қаралып, басқару тетіктері жетілдіріледі және жаңа Ұшқышсыз жүйелер күштері құрылады. Реформаның маңызды жаңалығы – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңді үлгісіне көшу: алғашқы алты айда әскерге шақырылғандар оқу орталықтарында даярлықтан өтсе, кейінгі алты айда тікелей әскери бөлімдерде жауынгерлік міндеттерді орындайды.

Сонымен қатар әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау үшін Әскери консультанттар және Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттары құрылмақ. «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесі де дамытылады. Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қарулы Күштерді жаңғырту жоспарын баяндаса, Конституциядағы «Заң мен тәртіп» қағидатына сай тәрбие жұмыстарының сапасын арттыру реформаның өзекті бағыттарының бірі болмақ. Ұйымдастыру шаралары осы жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық шаралар келесі жылы іске асырылады.

Жиын қорытындысы бойынша мақұлданған реформаның уақтылы әрі толық жүзеге асырылуын үйлестіру міндеті Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне жүктелді.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР