Jaqtime.kz Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту қажеттігін атап өтіп, Қызылорда облысының тәжірибесін оң бағалады.

Фото (Ақорда)
Президенттің айтуынша, қатаң климаттық жағдайларға қарамастан, Сыр өңірінің шаруалары жүгері мен соя өсіріп қана қоймай, оларды өңдеумен де айналысып келеді. Бұл – ауыл шаруашылығын әртараптандыруға және өнімнің қосылған құнын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Мемлекет басшысы мұндай озық тәжірибелерді еліміздің өзге өңірлеріне де кеңінен таратып, инвесторларға қажетті қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.
Сонымен қатар Президент ауыл шаруашылығының басқа бағыттарында да заманауи технологияларды кеңінен қолдану қажеттігіне тоқталды. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде елімізде 71 тауарлы-сүт фермасы іске қосылып, жыл сайын 462 мың тоннадан астам сүт өндірілуде. Ал Ақмола облысында халықаралық тәжірибеге негізделген ет кластері құрылып жатыр.
Мемлекет басшысы осындай тиімді жобаларды қолдап, қажет болған жағдайда қаржыландыру мәселесін де қарастыру керектігін айтты.



