Jaqtime.kz Қазақстанда жоғары оқу орындарына түсу емтиханының жаңа форматы әзірленіп жатыр, деп хабарлайды jaqtime.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Бұл жүйе талапкерлердің пәндік білімін ғана емес, сыни ойлауын, цифрлық сауаттылығын, жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын және ақпаратты талдау қабілетін бағалауға бағытталған.
Сөз Ұлттық тестілеу орталығы ETS халықаралық ұйымымен бірлесіп әзірлеп жатқан Admissions Insight Test (AIT) жаңа түсу емтиханы туралы болып отыр. Үш жылға жоспарланған бұл жобаны ұлттық деңгейде енгізу мәселесі 2029 жылдың көктемінде қарастырылмақ. Дегенмен, өтпелі кезеңде қолданыстағы Бірыңғай ұлттық тестілеу (ҰБТ) форматы толық сақталады. Жаңа емтиханды енгізу туралы түпкілікті шешім зерттеу жұмыстары мен пилоттық тестілеу нәтижелеріне байланысты қабылданады.
Ведомство мәліметінше, жаңа ҰБТ пен қолданыстағы форматтың басты айырмашылығы – талапкерлердің білімін бағалау тәсілінде. Тестілеуді модульдік жүйе бойынша өткізу жоспарланып отыр және ол екі негізгі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын бағалауға басымдық бере отырып, бейіндік пәндер бойынша тестілер жаңартылады. Ал екінші бөлім ХХІ ғасыр құзыреттерін, атап айтқанда сыни ойлау, академиялық жазылым және зерттеу дағдылары, коммуникативтік қабілет, жасанды интеллект саласындағы сауаттылық, сандық және цифрлық сауаттылық, сондай-ақ креативті және дизайндық ойлауды тексеруге бағытталады. Алайда бұл дағдыларды тексеруге арналған нақты тапсырмалар мен бағалау тәсілдері әзірге бекітілмеген, барлық өзгеріс ғылыми және сараптамалық тексеруден өтуге тиіс.
Жаңа форматқа көшу бірнеше кезеңмен жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, 2027 жылдың көктемінде қатысушылардың шағын тобы арасында сынақтан өткізу жоспарланса, 2028 жылдың көктемінде AIT шетелдік университеттердің филиалдарына түсушілер үшін пилоттық режимде іске қосылады. Ал 2029 жылдың көктемінде ұлттық деңгейде толық көлемде қолдану мүмкіндігі қарастырылады. Дегенмен бұл кесте 2029 жылы барлық талапкер автоматты түрде AIT тапсыруға көшеді дегенді білдірмейді.
Жаңа жүйенің тиімділігін тексеру мақсатында Ұлттық тестілеу орталығы қолданыстағы ҰБТ-ға кешенді техникалық талдау жасап, оны ACT, PISA, TIMSS және Advanced Placement сияқты халықаралық бағалау құралдарымен салыстырған. Бұдан бөлек, зерттеу жұмыстарына қабылдау комиссияларының өкілдері, оқытушылар, мектеп мұғалімдері, оқушылар мен ата-аналардан тұратын төрт мыңнан астам адам қатысқан. Келесі кезеңде тестологияда жалпыға бірдей қабылданған әдістер мен рәсімдер, статистикалық және психометриялық талдау арқылы тест тапсырмаларының өзі тексеріледі.
Тағы бір маңызды мәселе – ауыл мен қала оқушыларының жаңа форматқа дайындығы мен мектеп бағдарламасының сәйкестігі. Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл құзыреттер жаңартылған мектеп бағдарламасына енгізілгенін атап өтті. Талапкерлерге тең жағдай жасау үшін AIT мазмұнын мектептердің білім беру бағдарламаларымен сәйкестендіру және Оқу-ағарту министрлігімен тығыз байланыс орнату жоспарлануда.
Айта кетейік, бұл бастама 2025 жылғы 21 қыркүйекте Нью-Йоркте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ETS халықаралық ұйымының басшылығымен өткізген кездесуінің жалғасы ретінде қолға алынып отыр. Кездесу қорытындысы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігіне ETS тәжірибесін ескере отырып, түсу емтихандарын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылған болатын.



