2025 жылғы 7 қазан күні Қармақшы ауданының Руханият орталығында этномедиация тақырыбына арналған мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өткізді.
Кездесудің басты мақсаты – қоғамдағы дау-жанжалдардың алдын алу, өзара түсіністік пен келісім мәдениетін нығайту, сондай-ақ этномедиацияның маңызын кеңінен насихаттау болды.
Шараға қоғамдық медиаторлар, білім беру ұйымдарының психологтары, жастар және түрлі этнос өкілдері қатысып, медиацияның түрлері мен әдістері, медиатордың қоғамдағы рөлі жөнінде жан-жақты мағлұмат алды.
Кездесуге Қызылорда қаласынан арнайы келген қоғамдық медиатор, этномедиация орталығының мүшесі Жақсыбай Жакеев, «Praktikos» Еуразиялық заңгерлік және медиаторлар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномедиация кеңесінің төрайымы, жаттықтырушы, эксперт-медиатор Жанна Мирамбекқызы, сондай-ақ облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы, этномедиация орталығының үйлестірушісі Шахизат Абдраманова қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Өз сөзінде Жанна Мирамбекқызы қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізі – өзара құрмет пен диалог мәдениеті екенін атап өтті:
«Медиация – тек дау-дамайды шешудің құралы ғана емес, ол қоғамда адамгершілік пен сенімге негізделген қатынастарды қалыптастыратын маңызды институт. Әсіресе жастар арасында бұл мәдениетті дәріптеу – болашақтағы татулықтың кепілі», – деді ол.
Ал Шахизат Абдраманова облыстағы этномедиация орталығының қызметіне тоқталып, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтауда медиаторлардың белсенді рөлін атап өтті:
«Этномедиация – этносаралық қатынастарды реттеудің, түсіністік пен сенімді нығайтудың тиімді құралы. Мұндай кездесулер өңірдегі қоғамдық келісім мен бейбіт өмір салтын сақтауға ықпал етеді», – деді ол.
Сонымен бірге қоғамдық медиаторлар төрағасы Ерболат Ұзақбаев алдағы уақытта оқу орындарында психологтар және оқушылармен бірлесіп түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Қоғамдағы дау-жанжалдың алдын алудың ең тиімді жолы – жастардың санасына түсіністік пен мәміле мәдениетін сіңіру. Осы бағытта мектептер мен колледждерде арнайы кездесулер өткіземіз», – деді ол.
Кездесу барысында қоғамдық медиатор Шегебай Құндақбаев медиацияның қоғамдағы татулық пен өзара түсіністікті нығайтудағы рөліне тоқталып, бейбіт жолмен шешімге келудің маңызын ерекше атап өтті. Ал №30 мектептің психолог маманы медиацияның негізгі қағидалары туралы өз тәжірибесімен бөлісіп, пікір алмасты.