Jaqtime.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мектеп оқулықтарын жаңарту мәселесіне қатысты пікір білдіріп, бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

Министрдің айтуынша, бүгінде қолданыстағы мектеп оқулықтары бойынша 700-ден астам ескертпе мен қате анықталған. Олардың қатарында техникалық және стильдік кемшіліктер, деректік қателер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар, жекелеген материалдардың оқу бағдарламаларымен үйлеспеуі, сондай-ақ ескірген әдіс-тәсілдер мен тұжырымдамалардың қолданылуы бар.
Әсіресе ұлттық мазмұнға толық бейімделмеген материалдардың пайдаланылуы, математика пәніндегі қате анықтамалар мен есеп шығару жолдары, оқу бағдарламасында көзделмеген шығармалардың енгізілуі және тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ пайымдардың кездесуі ерекше алаңдаушылық туғызуда.
Аида Балаеваның сөзінше, бірқатар оқулықтар белгіленген жаңарту мерзімінен әлдеқайда ұзақ уақыт бойы қайта қаралмаған. Кейбір оқу басылымдары тоғыз жылға дейін мазмұндық тұрғыдан елеулі өзгеріссіз қолданылып келеді. Сондықтан оқушыларды сапалы, өзекті әрі мемлекеттік білім беру стандарттарына сай оқу материалдарымен қамтамасыз ету үшін оқулықтарды уақытылы жаңарту қажет.
Министр мектеп оқулықтарының сапасы жекелеген баспалардың ғана мәселесі емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл елдегі білім сапасына, демек балалардың болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан әрбір оқулық формалды талаптарға ғана емес, қоғамның, мемлекеттің және білім беру жүйесінің қазіргі сұраныстарына толық жауап беруі тиіс.
Сонымен қатар ол бұл бастама бұрын мақұлданған оқулықтарға қатысты Пәндік сараптама комиссиясы шешімдерінің күшін жоюды көздемейтінін жеткізді. Негізгі мақсат – білім беру саласындағы түпкі нәтижеге ортақ жауапкершілікті күшейту және оқушыларды сапалы әрі заман талабына сай оқу материалдарымен қамтамасыз ету.
Жоспарға сәйкес, 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтар, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сынып оқулықтары, ал 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сынып оқулықтары жаңартылады.
Осылайша, мемлекет әрбір мектепті заманауи, мазмұны мұқият сараланған, өзекті білімге, «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарына және мемлекеттік басымдықтарға негізделген сапалы оқулықтармен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.



