Jaqtime.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің корпоративтік хатшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Ақмарал Темирова мен заң ғылымдарының магистрі Бекзат Абдуллаева Қытай Халық Республикасының Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан «Шэньчжэнь арнайы экономикалық аймағын дамыту тәжірибесі» атты халықаралық семинарға қатысып жатыр.

Шэньчжэнь халықаралық экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты дамыту қауымдастығы ұйымдастырған шарада Қытайдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, арнайы экономикалық аймақтардың рөлі және Гуандун провинциясының озық тәжірибелері талқылануда. Семинардың алғашқы күні қатысушыларға елдің 1978 жылдан бастау алған реформалары, кедейлікті азайту, цифрлық экономика, жасанды интеллект, жаңа энергетика және жоғары технологиялық өндіріс бағыттарындағы жетістіктері таныстырылды.
Бағдарлама аясында Шэньчжэнь университеті профессорларының дәрістері тыңдалып, Лунхуа ауданы әкімшілігі мен Шэньчжэнь реформалар және ашықтық академиясына сапарлар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ университет өкілдері Мысыр, Ирак, Эфиопия және Камбоджа елдерінен келген қатысушылармен кәсіби байланыс орнатып, тәжірибе алмасты.
Бұл сапар Қытайдың озық тәжірибесін зерделеп, оны Қазақстандағы өңірлік экономиканы, арнайы экономикалық аймақтарды, университеттік ғылым мен инновациялық кәсіпкерлікті дамыту бағыттарында қолдануға мүмкіндік береді.



