Jaqtime.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде XX ғасырдың екінші жартысында Сыр өңірінің қоғамдық-саяси, рухани және мәдени өмірінде өзіндік орны бар көрнекті журналист, соғыс ардагері, қоғам қайраткері Қалқабай Әбенов атындағы журналистік шеберлік зертханасы ашылды.

Бұл жаңа медиа орталық білім алушылардың журналистика саласындағы теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға, заманауи медиа құралдарымен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге және шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор мүмкіндік береді.

Салтанатты шараға облыстағы зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар, профессор-оқытушылар құрамы, Қалқабай Әбеновтің отбасы мен туған-туыстары, БАҚ өкілдері және студенттер қатысты.
Іс-шараның ашылу салтанатында университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Наурызбай Байқадамов сөз сөйлеп, жаңа зертхананың жас журналистердің кәсіби біліктілігін арттырудағы маңызын атап өтті.
Жиын барысында университеттің стратегиялық дамуына қосқан үлесі үшін Қалқабай Әбеновтің ұлы Қанат Қалқабайұлы Қорқыт ата атындағы «Алтын медальмен» марапатталды.
Шара барысында Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлы, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов және «Сыр журналистикасы» қорының құрылтайшысы Қожахмет Мырзаев сөз сөйлеп, ұзақ жылдар бойы «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетін басқарған Қалқабай Әбеновтің өнегелі жолы мен өңір баспасөзінің дамуына қосқан үлесі туралы естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ зертхананың ашылу лентасын қию рәсімі филология ғылымдарының докторы, профессор Жеңіс Сәдуақасұлы мен Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисті Кенжалы Райымбекұлына берілді.
Жиын соңында «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» білім беру бағдарламаларының аға оқытушысы Асыл Қожабайқызы жаңадан ашылған зертхананың мүмкіндіктерін таныстырып, қатысушыларға арнайы көрсетілім жасады.



