spot_img
spot_img
HomeБілімЖаңақорғандық 1200-ден астам оқушы үлкен өмірге жолдама алды

Жаңақорғандық 1200-ден астам оқушы үлкен өмірге жолдама алды

Jaqtime.kz Бүгін Жаңарық ауылындағы №167 орта мектебінде «Мектебім саған, мың алғыс!» атты мектеп бітіру салтанатты шарасы жоғары деңгейде өтті. Қияға қанат қаққан жас өрендердің өмірдегі маңызды белесіне куә болу үшін жиынға аудан әкімі Мажит Самитов арнайы қатысты.


Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен асқақтай басталып, мектеп ауласын ерекше толқыныс пен мақтаныш сезіміне бөледі. Салтанатты жиынға ардагер ұстаздар, ата-аналар қауымы, мектеп ұжымы және үлкен өмірге жолдама алғалы тұрған бітіруші түлектер жиналды.

Шара барысында сөз алған аудан басшысы Мажит Самитов мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды 2025–2026 оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, бітіруші түлектерге ақ жол тілеп, алдағы өмір жолдарында биік белестерді бағындыруларына тілектестік білдірді.

Бұл салтанатты жиын тек қоштасу рәсімі ғана емес, сонымен қатар жыл бойғы еңбектің қорытындысы ретінде де ерекшеленді. Оқу жылы бойы білім беру және тәрбие саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген ұстаздар мен озат оқушылар облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекенің көркін қыздырған мектеп оқушылары мен жас түлектер өз өнерлерін ортаға салып, жүрек тебірентерлік әсерлі әндер шырқалып, мың бұралған би қойылымдары ұсынылды.


Айта кетейік, биылғы оқу жылы Жаңақорған ауданы үшін айтарлықтай табысты әрі берекелі болмақ. Жыл қорытындысы бойынша ауданда 1234 оқушы мектеп бітіреді. Оның ішінде 1144 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірсе, 119 оқушы «Алтын белгіге», ал 121 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр. Бұл көрсеткіштер – аудандағы білім сапасының жүйелі түрде артып келе жатқанының және ұстаздар қауымының қажырлы еңбегінің айқын айғағы.
spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР