spot_img
spot_img
HomeUncategorizedЕлге қызмет етудің эталоны: Сыр өңірінде «Сапарбаев тұлғасы» кітабы таныстырылды

Елге қызмет етудің эталоны: Сыр өңірінде «Сапарбаев тұлғасы» кітабы таныстырылды

Jaqtime.kz Бүгін «Достық үйінде» көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған «Сапарбаев тұлғасы» кітабының таныстырылымы өтті.

Ауқымды шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, жас мемлекеттік қызметшілер, азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ кітаптың құрастырушысы Абай Сейфуллаұлы мен қайраткердің ағайын-туыстары қатысты.

Басқосуда аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы Бердібек Сапарбаевтың ел дамуына сіңірген еңбегіне ерекше тоқталып, оның мемлекеттік қызметтегі өнегелі жолы жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Өз сөзінде облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан «Әкімдер мектебі» жобасы аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен бұған дейін Астана қаласында «Сапарбаев тұлғасы» атты кітаптың тұсаукесері өткенін тілге тиек етті.

Бұл туындының елге қызмет етуді өмірлік мұратына айналдырған ардақты азаматтың өнегелі жолын бейнелейтін тағылымды еңбек екенін, қарапайымдылық пен адамгершілікті, кісілік пен кішілікті, талапшылдық пен әділдікті бір бойына сыйдырған қайраткердің есімі Тәуелсіз Қазақстанның тарихына алтын әріппен жазылғанын және уақыт оны арамыздан алыстатқанымен, рухани мұрасы ешқашан жоғалмайтынын жеткізді.

Рухани кеште кітаптың құрастырушысы Абай Сейфуллаұлы, ел ағалары Самұрат Имандосов, Бекмырза Еламанов, Мұрат Бақтиярұлы және облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов сөз сөйлеп, тұлға туралы естеліктерімен бөлісті.

 

Бердібек Машбекұлы мемлекеттік қызметтің түрлі сатыларында абыройлы еңбек етіп, сындарлы кезеңде халық пен билік арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтқан бірегей тұлға болды. Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Премьер-министрдің орынбасары, сонымен бірге Қызылорда, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының әкімі ретінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып, өшпес қолтаңбасын қалдырды. Нағыз мемлекетшілдіктің үлгісі болған қайраткерге арналған бұл жаңа туынды — болашақ ұрпақ үшін таптырмас рухани қазына.
spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР