Jaqtime.kz Қызылорда қаласының Жастар театрында драматург Қазыбек Аманжолдың «117 пәтер» шығармасының желісімен қойылған «Жалғыз куәгер» драмалық спектаклінің премьерасы өтті.

Премьераға өнерсүйер қауым көптеп жиналып, театр залына көрермен лық толды. Қойылым басталар алдында шығармашылық топтың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг ұйымдастырылып, спектакльдің идеясы, мазмұны мен дайындық барысы таныстырылды.
Спектакльде қоғамдағы өзекті мәселелер – отбасы құндылығы, адам тағдыры, перзентке деген сағыныш, ер мен әйел арасындағы қарым-қатынас, қарттық кезеңдегі достық пен адалдық тақырыптары көркем өрбіген.

Оқиға желісі бір пәтердің домовойы Исмайл Омаровтың күнделігі арқылы баяндалып, әр кезеңде сол шаңырақты паналаған адамдардың тағдыры көрерменге әсерлі жеткізіледі.
Қойылымда Жастар театры әртістері кейіпкерлердің жан дүниесін шынайы сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Спектакльдің режиссері – Рамазан Үсенов, көркемдік жетекшісі – Оңталап Нұрмаханов.
Қойылым аяқталғаннан кейін Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев сөз сөйлеп, шығармашылық ұжымды сәтті премьерамен құттықтады.
– Бүгінгі қойылым көрерменге терең ой салатын, тағылымы мол туынды болды. Жастар театрының шығармашылық ізденісі мен кәсіби деңгейі жылдан-жылға артып келеді. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, көрерменнің ыстық ықыласына бөлене беріңіздер. Өнерлеріңіз өрлей берсін, – деді бөлім басшысы.

Айта кетейік, «Жалғыз куәгер» драмасы көрерменге өмірдің сан алуан қырын, адамгершілік құндылықтарды және қоғамдағы өзекті мәселелерді сахна тілі арқылы әсерлі жеткізген мазмұнды туынды ретінде жоғары бағаланды.



