Jaqtime.kz Президент учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын 40 пайызға дейін арттыруды және ең төменгі жалақыны 100 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды.

Фото (Ақорда)
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың табысын арттыруға бағытталған бірқатар міндетті атап өтті.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысы үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін өседі. Бұл өзгеріс 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көтеру көзделіп отыр. Аталған шара 1,8 миллион адамның табысына әсер етеді. Олардың қатарында бюджет есебінен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкер бар.
Мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғыртуға, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтуге және осы саланы қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен арттыруға басымдық берді.
Бұл бастамалар медицина қызметкерлерін қолдауға және ең төменгі жалақы алатын азаматтардың табысын арттыруға бағытталған.



