spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарӘділетті Қазақстанның Жаңа Конституциясы заңды күшіне енді

Әділетті Қазақстанның Жаңа Конституциясы заңды күшіне енді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне байланысты үндеу жолдады, деп хабарлайды Jaqtime.kz

(Фото aqorda_resmi)

Президент өз үндеуінде Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі бүкіл ел үшін айрықша маңызды оқиға екенін атап өтіп, қазақстандықтарды айтулы күнмен шын жүректен құттықтады. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады және ел саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің сондай-ақ қарқынды дамудың даңғыл жолына түседі. Бұл ерекше күн бүкіл саяси жүйені, мемлекет пен азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады.

Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын тарихи таңдау жасағанын жеткізді. Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті.

Мемлекет басшысы бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтетінін және мұның символдық мәні зор екенін мәлімдеді. Бұл күн ел ішінде ғасырлар бойы орныққан көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заңның басты қағидаттарымен тоғыстырады, яғни азаматтардың ырысты ынтымаққа, озық білімге, ел игілігі жолында адал еңбек етуге деген талпынысымен үндеседі.

Президент нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарға міндетті түрде жететініне сенім білдірді. Қоғамда Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтары берік орнығады. Үндеу соңында Мемлекет басшысы бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жоспарлардың ойдағыдай орындалатынына кәміл сенетінін айтып, Қазақстан Республикасы мен халқымызға өркендеу тіледі.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР