Jaqtime.kz Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы Жаңақорған ауданының жұртшылығы үшін ерекше мақтаныш пен қуанышқа толы тарихи сәтке айналды. Білім күнінде өңірдегі білім беру саласының абыройын асырған ақжолтай жаңалық сүйіншіленді: аудандағы №286 мектеп-лицейі облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» конкурсында топ жарып, жеңімпаз атанды. Осы тағылымды жетістікті ұлықтау мақсатында білім ордасында «Білім көшбасшысы – аудан мақтанышы» атты салтанатты жиын өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Жарқынбек Ғалымжан арнайы қатысып, қара шаңырақ ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды зор қуанышпен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы мектеп-лицейдің білім сапасын көтерудегі жүйелі жұмысына, жас ұрпаққа сапалы тәлім-тәрбие берудегі үздіксіз ізденісіне жоғары баға берді. Сондай-ақ білім ордасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оқыту процесіне заманауи технологияларды енгізуге және білім сапасын одан әрі арттыруға бағытталған 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сертификат салтанатты түрде табысталды.
Бұл қолдау ұжымның алдағы асар белестеріне үлкен дем берері сөзсіз.
Мерекелік кеште ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов пен ардагер ұстаз Шолпан Мажитова сөз алып, мектеп ұжымына ақжолтай тілектерін білдіріп, мерейлі сәтке ақ батасын берді. Ел ағалары мен ұстаздық жолдың майталмандары мектептің бұл жетістігі бүкіл ауданның абыройы екенін ерекше атап өтті. Жиын барысында мектеп-лицейінің жетістіктерін баяндайтын бейнеролик көрсетіліп, оқушылар дайындаған тебірентерлік бейнеқұттықтау ұсынылды. Шәкірттердің өнері мен өрелі сөздері жиналған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады. Бұл жеңіс – кездейсоқ табыс емес, білікті ұстаздар еңбегінің, білімге құштар дарынды шәкірттер жетістігінің және білім сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың заңды нәтижесі. «Білімді ұрпақ – ел болашағы» демекші, бұл қуаныш өзге де білім шаңырақтарына жаңа серпін берері анық.



