spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарДәрігерлер ана мен сәбиді ажалдан арашалап қалды

Дәрігерлер ана мен сәбиді ажалдан арашалап қалды

Алматы қаласындағы №2 қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері аса күрделі операцияны сәтті орындап, ана мен сәбидің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Jaqtime.kz. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.




40 жастағы жүкті әйел орталыққа жүктіліктің 35-аптасында қағанақ суының мерзімінен бұрын кетуіне байланысты шұғыл түрде жеткізілген. Тексеру барысында дәрігерлер ұрықтың өміріне қауіп төндіретін қан айналымының бұзылуын анықтап, шұғыл кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылдаған.

Операция кезінде мамандар көлемі 20×25 сантиметр болатын алып миоманы анықтаған. Сонымен қатар клиникалық жағдай айқын жабысқақ үдеріспен күрделенген. Атап айтқанда, ішек жатырмен тығыз жабысып қалған.

Жағдайдың күрделілігін ескерген №2 қалалық перинаталдық орталықтың директоры Светлана Рахимова шұғыл операцияны ұйымдастырып, хирургиялық араласуға Алматы онкологиялық орталығының онкогинекологы Райхан Болатбекованы тартқан.

Дәрігерлердің бірлескен әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде шала туған сәбиді аман-есен дүниеге әкеліп қана қоймай, пациенттің жатыры мен репродуктивтік қызметін сақтай отырып, салмағы 5,1 келі болатын алып ісікті де сәтті алып тастады. Бұл әйелдің болашақта қайтадан ана атануына мүмкіндік береді.

Операция нәтижесінде салмағы 2,2 келі болатын шала туған ұл бала дүниеге келген. Туғаннан кейін сәби жаңа туған нәрестелердің реанимация бөлімшесі мамандарының бақылауында болып, дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында оның жағдайы тұрақтанған.

Қазіргі уақытта ана мен сәбидің жағдайы жақсы. Екеуі де ауруханадан үйлеріне шығарылған.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР