Jaqtime.kz Бүгінгі қоғамның басты талабы — «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстану. Қызылорда облысында есірткі қылмысының алдын алу және оның жолын кесу мақсатындағы жүйелі жұмыстар жаңа деңгейге көтерілді.
Ағымдағы жылдың 1 маусымы мен 31 қазаны аралығында республика көлемінде «Қарасора-2026» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында бұл шараның алғашқы нәтижелері мен атқарылып жатқан ауқымды жұмыстары жұртшылыққа жария етілді. Облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Біржан Багисовтың мәлімдеуінше, ауқымды іс-шара басталғалы бері өңір аумағында есірткіге қатысты 38 құқық бұзушылық дерегі анықталып, заңсыз әрекеттердің жолы кесілген.
Есірткі қылмысына қарсы күрес мәселесі департамент басшылығының тұрақты әрі жіті бақылауында тұрғандықтан, заңсыз айналымды шектеу шаралары алдағы уақытта да ширай түспек. Қазіргі таңда облыс аумағында арнайы құрылған 5 мобильді бекет тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр. Бұл маңызды миссияға жалпы саны 102 білікті қызметкер, арнайы үйретілген 7 қызметтік іздестіру иті және 28 бірлік автокөлік техникасы жұмылдырылған. Қылмысты дер кезінде анықтау үшін тек жердегі күштер ғана емес, заманауи мүмкіндіктер де іске қосылған; атап айтқанда, әуеден бақылау жасау және қызметтік иттердің көмегіне жүгіну арқылы есірткі қылмыстарын әшкерелеу шаралары барынша күшейтілді.
Қазан айының соңына дейін жалғасатын бұл республикалық жедел-профилактикалық іс-шараның негізгі мақсаты — есірткі құралдарының заңсыз айналымына барынша тосқауыл қою, құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактілерін түп-тамырымен жою және тұрғындар арасында құқықтық тәртіпті нығайту болып табылады. Тәртіп сақшылары бұл бағыттағы кешенді іс-қимылдарды жоспарлы түрде соңына дейін жеткізуді көздеп отыр.




