Jaqtime.kz Соңғы жылдары Қазақстан халықаралық аренада медициналық туризм саласы бойынша өз позициясын кезең-кезеңімен нығайтып келеді. Отандық денсаулық сақтау жүйесінің дамытуы мен көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасы шетелдік азаматтардың қызығушылығын тудырып отыр. Бұған дәлел ретінде былтыр еліміздің медициналық ұйымдарына қаралып, шипа тапқан 80 мыңға жуық шетелдік азаматтың көрсеткішін атап өтуге болады.

Еліміздің бұл бағыттағы басты әрі бәсекеге қабілетті артықшылығы – жоғары деңгейдегі медициналық көмек пен қолжетімді бағаның өзара үйлесім табуында. Бүгінде Қазақстанда сапа мен қауіпсіздіктің ең жоғары халықаралық талаптарына жауап беретін заманауи медициналық мекемелер табысты жұмыс істеуде. Соның ішінде 10 отандық медициналық ұйым денсаулық сақтау саласындағы әлемдік ең беделді стандарттардың бірі болып табылатын халықаралық JCI аккредитациясына ие болған.
Саланың әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында Туризм және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесе отырып, 2026-2028 жылдарға арналған медициналық туризмді дамыту жөніндегі арнайы Жол картасын әзірлеуде. Бұл кешенді құжат отандық медициналық қызметтерді шетелдік нарықтарда белсенді ілгерілетуді, емдеу мекемелерінің инфрақұрылымын заман талабына сай дамытуды, сервистік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруді және халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтуді көздейді.
Медициналық туризм желісін жүйелі дамыту тек денсаулық сақтау саласына ғана емес, жалпы мемлекетке де үлкен мультипликативтік әсер береді. Ол ел экономикасына қосымша шетелдік инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Ең бастысы, бұл бағыт Қазақстанның халықаралық деңгейде ем алу мен сауықтыруға қолайлы, заманауи, қауіпсіз әрі бәсекеге қабілетті мемлекет ретіндегі беделін нығайта түспек.



