Jaqtime.kz Жаңақорған ауданының әкімі Ғалымжан Жарқынбек пен аудан прокуроры Бақытхан Бөлеулиев аймақтағы ірі инвестициялық бастамалардың бірі – «Горнодобывающая компания Хонда» ЖШС-нің геологиялық зерттеу және барлау жұмыстары жүріп жатқан өндірістік алаңына арнайы барды.

Атқарушы билік өкілі мен құқық қорғау органы басшысының бұл бірлескен сапары аймаққа инвестиция тарту, инвестор құқығын қорғау және жобалардың заңды әрі кедергісіз жүзеге асуын мемлекет тарапынан бақылауда ұстаудың маңыздылығын көрсетеді.
Кездесу барысында өндірістік нысандағы жұмыс барысы жан-жақты сараланып, жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек пен өндірістік техникалық қауіпсіздік нормаларын қатаң сақтау мәселелері алдыңғы қатарға шықты. Сонымен қатар тараптар жобаны бекітілген кестеге сай өз уақытында іске асырудың, өндірістік және инженерлік-логистикалық инфрақұрылымды талапқа сай дамытудың маңыздылығын талқылады.

Бұл инвестициялық жоба Жаңақорған ауданы үшін үлкен стратегиялық маңызға ие. Тау-кен саласын дамытуға бағытталған бұл бастама ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасының тұрақты әрі қарқынды дамуына өзіндік қомақты үлесін қосады.



