Бүгінгі таңда ана мен бала денсаулығы – қоғам назарындағы ең басты мәселенің бірі. Заманауи медицина мен озық технологиялар қарыштап дамыған сайын, перзентханадағы жағдай да, босану процесіне деген көзқарас та түбегейлі өзгерді. Қазіргі аналардың денсаулық деңгейі қандай? Неліктен соңғы кездері мерзімі жетсе де, өздігінен толғағы келмейтін әйелдер көбейді? Кесар тілігіне жүгінетіндердің артуына не себеп?
Бұл сұрақтардың жауабын білу үшін біз Астана медицина университетінің түлегі, осы салада 12 жылдық тәжірибесі бар білікті маман, қазіргі таңда Қызылорда облыстық ана мен бала орталығының босану бөлімінде тапжылмай еңбек етіп келе жатқан акушер-гинеколог Сымбат Болатқызы Кулмаганбетовамен сұқбаттасқан едік.
– Сымбат Болатқызы, бүгінгі медицина дамыған заманда босану процесінің бұрынғы уақытпен салыстырғанда басты ерекшеліктері қандай?
– Қазіргі ана мен бала қауіпсіздігін қорғау жаңа деңгейге көтерілді. Соңғы жылдары босану бөлімдерінде құрсақтағы нәрестенің жағдайын үздіксіз бақылайтын құрылғылар (кардиотокография) орнатылды. Олар баланың жүрек соғысын бір сәт те қалт жібермей қадағалап тұрады. Дәл солай ананың да қан қысымын, тамыр соғысын және қанындағы оттегі мөлшерін бір мезгілде көрсететін арнайы мониторлар кеңінен қолданылады. Бұған қоса, ауырсынуды басатын қауіпсіз анестезия әдістері енгізілді. Бүгінде дәрігерлер әрбір шешімді тек халықаралық тәжірибеде дәлелденген, ғылыми негізделген ережелерге сүйене отырып қабылдайды.
– Қазіргі уақытта жүктіліктің 41–42 аптасына жетсе де, табиғи толғақтың басталмауы жиі байқалады. Бұған не себеп?
– Толғақтың кеш басталуы бір ғана себепке байланысты емес. Оған ананың жасы, ағзадағы гормондардың өзгеруі, ішкі ағзалардың созылмалы аурулары, артық салмақ, күйзеліс, қозғалыстың аздығы және бала жолдасының (плацентаның) жағдайы тікелей әсер етеді. Кейде бұл жағдай тұқым қуалауы да мүмкін. Сондықтан мұны тек гендік мутациямен байланыстыру қате. Әр әйелдің ағзасының ерекшелігі жеке тексеріледі.
– Егер мерзімі жетсе де толғақ болмаса, дәрігерлердің көмегімен (медициналық жолмен) толғақ шақыру қаншалықты қауіпсіз?
– Егер нақты медициналық қажеттілік туындаса, арнайы дәрі-дәрмекпен толғақ шақыру – өте қауіпсіз әрі әлемдік стандарттарға сай келетін әдіс. Оның басты мақсаты – іштегі бала мен ана өміріне төнетін қауіптің алдын алу. Бұл процесс бастан-аяқ дәрігердің жіті бақылауымен өтеді, нәрестенің күйі үнемі қадағаланады. Кез келген медициналық араласудың өзіндік тұстары бар, бірақ уақытылы жасалған бұл қадамның пайдасы туындауы мүмкін қауіптен әлдеқайда жоғары.
– Соңғы жылдары кесар тілігі отасына жүгінетіндердің саны артты ма?
– Иә, бұл тек бізде емес, бүкіл әлемде байқалып отырған үрдіс. Бұған әйелдердің кеш жаста бала көтеруі, ішкі ағза ауруларының (жүрек, бүйрек, қан қысымы т.б.) көбеюі, егіз немесе үшем табу, жасанды жолмен балалы болу (ЭКО) технологиясының дамуы және бұрын осы отамен босанған әйелдердің қайта жүкті болуы себеп болып отыр. Дегенмен, бұл ота еріккеннің ермегі емес, тек ана мен баланың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін, нақты медициналық көрсеткіштер бойынша ғана жасалады.
– Қазіргі жүкті әйелдердің жалпы денсаулық жағдайына қандай баға берер едіңіз?
– Жасыратыны жоқ, қазіргі болашақ аналар арасында қан аздық (анемия), артық салмақ, қант диабеті, қалқанша безі (зоб) және жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары өте жиі кездеседі. Бұл дерттер жүктілік кезінде де, босану сәтінде де қиындық тудыруы мүмкін. Сондықтан әйел адамның жүктілікті біле салысымен ерте бастан дәрігерлік есепке тұруы, үнемі тексеріліп, маман кеңесін бұлжытпай орындауы өте маңызды. Дер кезінде анықталған ауруды асқындырмай, бақылауда ұстау әлдеқайда жеңіл.
– Серіктеспен (жолдасымен немесе жақын адамымен) босану шынымен де процесті жеңілдете ме?
– Иә, егер босанатын әйелдің өзі қалап, қасына еріп кіретін жақыны алдын ала арнайы дайындықтан өтсе, мұның пайдасы орасан. Жанында сенімді адамының болуы әйелдің қорқынышын басып, өзін жайлы сезінуіне көмектеседі. Тіпті толғақтың жеңіл өтуіне де септігін тигізеді. Бірақ серіктес болып кірген адам перзентхана талаптарын сақтап, дәрігерлердің жұмысына кедергі жасамауы тиіс.
– Босанудан кейінгі күйзеліспен (депрессиямен) немесе психологиялық қиындықтармен күресуге қаншалықты көңіл бөлінеді?
– Қазір біз аналардың босанғаннан кейінгі көңіл-күйіне, психологиялық жағдайына ерекше мән береміз. Перзентханада әйелдің жай-күйі бақыланып, қажет болса психолог мамандар көмекке келеді. Мысалы, алғаш рет ана атанған келіншектерде қорқыныш пен тәжірибесіздіктен мазасыздық жиі кездессе, көпбалалы аналарда үй шаруасы мен бала күтімінің салмағынан шаршау басым болады. Сондықтан әр ананың жағдайына жеке-жеке үңілу қажет.
– Жүкті әйелдерге дәрігер ретінде ең басты қандай «алтын ережені» айтар едіңіз?
– Ең басты алтын ереже – балалы болуға үлкен жауапкершілікпен қарау. Дәрігерге уақытылы көрініп, барлық талдауларды өткізу, дұрыс тамақтану, уақытылы демалу және зиянды әдеттерден мүлдем аулақ болу керек. Ең бастысы – өз бетінше емделмеу қажет. Кез келген өзгерісті жасырмай, дер кезінде дәрігерге айтса, ана мен баланың амандығын сақтау мүмкіндігі жоғары болады. Денсаулығы мықты ана – дені сау ұрпақтың кепілі.
– Сұқбатыңызға рақмет! Еңбектеріңізге береке тілейміз!
Сұқбатты жүргізген: Әсел Абзал



