Адамзат баласы заманалар көшінде жиған бар білімі мен даналығын, парасаты мен рухани байлығын кітап парақтарына аманаттап қалдырған. Кітап – өткен мен болашақты жалғайтын алтын көпір, адам жанын нұрландырып, өресін биіктететін сарқылмас ғылым мен руханият қазынасы. Міне, осындай асыл қазынаның қадір-қасиетін арттырып, ел ішінде оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ жергілікті қаламгерлердің туындыларын бұқараға кеңінен таныту мақсатында Жаңақорған кентінде «КІТАП-TIME-2026» V республикалық фестивалі аясында аудандық кітап мерекесі жоғары деңгейде өтті.

Орталық алаңды мерекелік думанға бөлеген бұл мәдени-рухани шараға ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, сөз өнерінің мән-маңызын тағы бір мәрте айшықтай түсті.
Алаңда бой көтерген шығармашылық пен танымдық алаңдар келушілерге рухани серпіліс сыйлады. Мереке аясында ұйымдастырылған кітап көрмелері мазмұнының байлығымен, тақырыбының ауқымдылығымен ерекшеленді. Көпшілік назарына «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру», «Адал адам», «Бір ел – бір кітап», «Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті», «Менің сүйікті кітабым», «Руханият тынысы», «Туған өлкемнің танымал тұлғалары» және «Жаңа әдебиеттер» бөлімдері бойынша сирек те құнды басылымдар мен заманауи туындылар ұсынылды. Көрме алаңы тек дәстүрлі кітаптармен шектелмей, заманауи трендтерді де қамтыды. Эстетикалық талғаммен безендірілген «Күзгі сый» инсталляциялық көрмесі, жас дарындардың қиялын ұштаған «Менің сүйікті кітабымның кейіпкері» сурет салу алаңы және заманауи жасанды интеллект технологиялары негізінде әзірленген жаңаша форматтағы экспозициялар кітапты насихаттаудың соны бағыттарын көрсетті. Сондай-ақ, арнайы кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оқырмандар өздеріне қажетті әдебиеттермен танысып, жеке кітапханаларын толықтыруға мүмкіндік алды.
Думанды жиынның ашылу салтанатында қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов пен кітапхананың тұрақты оқырманы Тәңірберген Әмитұлы сөз сөйлеп, парасаттылық пен руханияттың қоғам өміріндегі айрықша орнына тоқталды.

Салтанатты жиын барысында кітап оқуды трендке айналдырып, кітапхана ісінің жандануына белсене атсалысқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Сүйікті ісіне адал кітапханашылар, сала ардагерлері, білім беру саласының өкілдері, белсенді оқырмандар мен демеушілер аудан әкімінің Алғыс хаттарын иеленді. Олардың арасында «Кітаппен көркейген отбасы», «Үздік кітап насихатшысы», «Оқырманға жол ашқан кітапханашы», «Руханият жанашыры», «Оқырман ұрпақтың рухани көшбасшысы», «Шебер қол», «Ұлттық нақышты ұлықтаған үздік кәсіпкер» және «Зияткер оқырман» сияқты номинациялар бойынша үздіктер марапатталып, құрметке бөленді.

Фестивальдің ең жауапты әрі толқынысты сәті – өлке қаламгерлерінің жаңа туындыларының тұсаукесері болды. Көпшілікке ақын Сайлаухан Жартыбаевтың «Аңсау жыры», Төребек Рүстемовтің «Жан сұлулығы», Жандос Қиянбековтің «Интеграл сана» кітаптары, сондай-ақ аудандық кітапхана жанынан құрылған «Поэзия әлемі» әдеби клубының мүшелері мен аудан ақындарының шығармалары топтастырылған «Бір кітапқа тоғысқан жырлар» жинағы салтанатты түрде таныстырылды. Бұл басылымдардың лентасын қию құрметі аудандық мәслихат төрағасының уақытша міндетін атқарушы Жасұлан Амалбековке, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Әбілғазы Берденұлына, «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Усейноваға және Жаңақорған ауданының қазақ тілі қоғамының төрағасы Изатіллә Нәрзілдаұлына жүктелді.
Рухани кеш әуезді ән мен әсем би тербеген, әсерлі поэзиялық композицияларға толы концерттік бағдарламамен жалғасып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ауданда кең көлемде аталып өткен бұл мерекелік шара кітаптың таусылмас рухани қазына екенін тағы бір мәрте айқындап, қаламгер, кітапхана және оқырман арасындағы берік байланысты жаңа белеске көтерген тағылымды оқиға ретінде ел есінде калды.



