spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарМемлекеттік туды қай жерде қолдануға болмайды

Мемлекеттік туды қай жерде қолдануға болмайды

Jaqtime.kz Қазақстан Үкіметі Мемлекеттік туды пайдалану тәртібіне қатысты жаңа қаулыны бекітті. Құжатта Мемлекеттік туды жеке және заңды тұлғалардың пайдалану талаптары нақтыланып, оны қолдануға болатын және тыйым салынатын жағдайлар айқындалды.

(Фото ЖИ)

Қаулыға сәйкес, Мемлекеттік туды жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайларда, оның ішінде балкондарда 45 градус бұрышпен, сондай-ақ салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда пайдалана алады. Жеке тұрғын үйлерде туды кемінде 3 метр биіктікте орналастыруға рұқсат етіледі. Бұл ретте тәуліктің қараңғы уақытында оны жарықтандыру міндетті емес. Егер ғимараттың архитектуралық немесе техникалық ерекшеліктері мүмкіндік бермесе, Мемлекеттік туды іргелес аумақта орналасқан жеке ту тұғырына орнатуға болады.

Сонымен қатар, Мемлекеттік ту жермен, еденмен, сумен немесе өзге де беттермен жанаспауы тиіс. Ту тігінен орналастырылған жағдайда ұлттық ою-өрнек матаның жоғарғы бөлігінде орналасуы қажет. Жеке және заңды тұлғалар өткізетін мәдени, спорттық, қоғамдық және өзге де іс-шараларда Мемлекеттік туды коммерциялық мақсатта пайдалануға жол берілмейді. Сондай-ақ туда зақымдану, тозу, тесілу, ластану, өңінің оңуы, мыжылуы немесе оның қадір-қасиеті мен символдық мәнін төмендететін өзге де ақаулар болмауы тиіс. Қазақстанның Мемлекеттік рәміздер туралы заңнамасының талаптары сақталған жағдайда Мемлекеттік туды жеке және заңды тұлғаларға тиесілі көлік құралдарының салонында пайдалануға да рұқсат етіледі.

Қаулыда Мемлекеттік туды жарнамалық мақсатта, сондай-ақ киім, төсек-орын жабдықтары, перделер, дастархан, кілемше және өзге де жабындар ретінде пайдалануға болмайтыны нақты көрсетілген. Бұдан бөлек, Мемлекеттік рәміздерге арналған стендтер орналасатын үй-жайлар эстетикалық талаптарға сай безендіріліп, шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, дәліздер мен гардеробтан алыс орналастырылуы тиіс.

 

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР