spot_img
spot_img
HomeҚызылордаЖаңақорған ауданы«Ел игілігі жолындағы ерен еңбек»: Мұнай-газ саласының мамандарына құрмет көрсетілді

«Ел игілігі жолындағы ерен еңбек»: Мұнай-газ саласының мамандарына құрмет көрсетілді

Jaqtime.kz Бүгін Жаңақорған аудандық «Руханият» орталығында мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орайластырылған «Ел игілігі жолындағы ерен еңбек» атты салтанатты жиын өтті. Аталған айтулы іс-шараға аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбек арнайы қатысып, экономиканың негізгі күші саналатын саланы өркендетуге сүбелі үлес қосып жүрген мамандар мен сала ардагерлерін құттықтады.

Салтанатты жиынның ашылуында сөз алған аудан басшысы мұнай-газ саласының мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы айрықша орны мен стратегиялық маңызына кеңінен тоқталып өтті. Өндірістің әлеуетін арттырып, ел экономикасының берік діңгегіне айналған бұл саланың әрбір жетістігі мен мамандардың табанды еңбегінің жемісі екені атап өтілді. Әсіресе, қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуда, елді мекендерді көркейтуде газ өндірісі мен оны жеткізу жүйесінің маңызы зор.

Аудан әкімі өз сөзінде: «Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – Мұнай-газ өнеркәсібі қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мұнай-газ саласы – еліміздің экономикалық қуатын арттырып, өндірістің тұрақты дамуына серпін беріп отырған маңызды салалардың бірі. Бұл сала мемлекетіміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыруда да өзіндік орны бар. Әсіресе табиғи газдың халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартудағы маңызы ерекше. Ауданымызда елді мекендерді газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалуда. Бүгінде аудандық газ шаруашылығында 36 қызметкер еңбек етеді. Сіздер аудан тұрғындарын табиғи газбен үздіксіз әрі қауіпсіз қамтамасыз етіп, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетіп келесіздер. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды жұмыс. Сондықтан әрбір маманның еңбегі зор құрметке лайық. Сіздерге еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін!» – деп, өз ықыласын білдіріп, жүрекжарды тілегін жеткізді.

Сонымен қатар, салтанатты жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне, мұнай-газ саласының қарқынды дамуына, сондай-ақ халыққа қауіпсіз әрі сапалы қызмет көрсетуге елеулі үлес қосқан бірқатар үздік мамандар мен саланы өркендетіп жүрген қызметкерлер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапаттар сала қызметкерлерінің түн ұйқысын төрт бөліп, жауапты әрі қауіпті жұмысты мінсіз атқарып жүрген ерен еңбектеріне берілген жоғары баға мен зор құрметтің айқын көрінісі болды. Мерекелік жиында марапатталған әрбір маманның есімі ерекше аталып, олардың еңбек жолы көпшілікке үлгі етілді.

Іс-шарада сөз алған еңбек ардагері Серқожа Ыдырысов та өзінің көпжылдық бай тәжірибесіне сүйене отырып, бұл мамандықтың асқан төзімділік пен темірдей жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Ол сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, жас буын өкілдеріне ақжарма тілегін білдіріп, батасын берді. Салтанатты жиын одан әрі аудан өнерпаздары дайындаған арнайы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, әуезді ән мен сәнді би арқылы жиналған қауымға ерекше көтеріңкі көңіл-күй мен рух сыйлады.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР