Jaqtime.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бастама елдегі инфрақұрылымды жаңғыртуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және өскелең ұрпаққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Фото (Ақорда)
Президенттің айтуынша, бастама аясында барлық облыс орталықтарында, аудандар мен елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салу және жөндеу жұмыстары қолға алынуы қажет.
Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтары салынады. Сонымен қатар барлық өңірде шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар бой көтеруі тиіс. Тұрғын үй құрылысы да маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект дәуіріндегі ел дамуының маңызды бағыты ретінде нақты іске және құрылысқа басымдық берді.
«Осылайша, жасанды интеллект дәуірінің сын-қатерлеріне халқымыздың ортақ жауабы – құрылыс салу, тағы да құрылыс салу!» – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастамалардың барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға, әсіресе өскелең ұрпақтың игілігіне қызмет етуге бағытталғанын атап өтті.



