spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарҚазақстанда өмірлік маңызы бар ағза трансплантаттауын 4 739 адам, оның ішінде 125...

Қазақстанда өмірлік маңызы бар ағза трансплантаттауын 4 739 адам, оның ішінде 125 бала үмітпен күтіп отыр

Jaqtime.kz Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес Қазақстанда ағза трансплантаттауын 4 739 адам, оның ішінде 125 бала күтуде. Соңғы жылдары елімізде бұл бағыттағы медициналық операциялар саны артып, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық жүйесі оң динамика көрсетіп келеді.



Күту парағындағы пациенттердің басым бөлігіне, яғни 4 208 адамға бүйрек қажет. Сондай-ақ 293 адам бауыр, 208 адам жүрек, ал 30 пациент өкпе трансплантаттауын күтіп отыр. Соңғы жылдары күрделі оталардың көрсеткіші тұрақты түрде өсіп жатыр: 2023 жылы 236 операция жасалса, 2024 жылы — 260, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 310-ға жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 150 трансплантаттау жасалып, оның 30-ы қайтыс болған донорлардан алынған ағзалар арқылы орындалды.

Қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту ісі де айтарлықтай жақсарып келеді. Егер 2023 жылы 49 әлеуетті донор анықталса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 86-ға, ал 2025 жылы 186-ға жетті. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 108 әлеуетті донор тіркеліп, сегіз жағдайда мультиағзалық алу жүргізілді. Айта кету керек, әлеуетті донор — ағзалары автоматты түрде алынатын адам емес. Мұнда дәрігерлер консилиумы белгіленген тәртіппен ми өлімін анықтап, барлық қатаң медициналық өлшемшарттарға сай келгеннен кейін ғана заңнамаға сәйкес тиісті рәсімдер атқарылады.

Қазіргі таңда қазақстандықтар қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз шешімін eGov порталы арқылы алдын ала тіркей алады. Бүгінде бұл таңдауды 172 283 азамат жасап, оның 16 109-ы келісімін берсе, 156 174 адам бас тартқан. Бұл — әр азаматтың жеке әрі ерікті таңдауы. Денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеті — қоғамға дұрыс шешім қабылдау үшін шынайы әрі түсінікті ақпарат жеткізу.

Ағза донорлығы — тек медициналық мәселе емес, ол бүкіл қоғамды біріктіретін ізгі іс. Мәселен, 9 тамызда Астанада «Heart Center Foundation» қоғамдық қоры ұйымдастырған дәстүрлі «Jüregımnıñ Jeñımpazy» қайырымдылық жүгіріс-фестивалі өтіп, оған 7 мыңға жуық адам қатысты. Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантаттауды үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, халықтың хабардарлығын арттыруға баса назар аударып отыр. Өйткені күту парағындағы әрбір санның артында нақты тағдыр мен отбасы, ал донорлық ағзаның артында өмірді қайта жалғастырудың үміті тұр.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР