Jaqtime.kz Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдардағы пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күрт күшейтті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дерегі бойынша әлемде әрбір оныншы пациент ем алу кезінде қауіпті инфекцияға шалдығып, бір мезгілде шамамен 1,4 миллион адам МКБИ (медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялар) бойынша ем қабылдауда. Ал елімізде 2025 жылы мұндай инфекциялардың тіркелу деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 1,41 есеге өсіп, әсіресе акушерлік ұйымдарда іріңді-септикалық аурулардың көбейгені анықталды. Осыған орай, меншік нысанына қарамастан барлық стационарлар үшін міндетті болатын «Ішкі инфекциялық аудит жүргізу қағидаларын бекіту туралы» жаңа бұйрық жобасы әзірленіп, қазіргі уақытта мемлекеттік тіркеу рәсімдерінен өтуде.
Бұл жаңа ережелердің басты мақсаты – инфекция салдарымен кейіннен әлек болу емес, қауіптің алдын ерте алу, бұзушылықтарды уақтылы анықтап, олардың түпкілікті себептерін жою. Енді аудит мерзімділігі ұйымның бейіні мен эпидемиологиялық жағдайына қарай айқындалады, ал қосымша қауіптер туындаған жағдайда жоспардан тыс тексерулер лезде ұйымдастырылады. Қатаң бақылау кезінде медициналық персоналдың қол гигиенасы, асептика және антисептика қағидалары, бұйымдарды стерильдеу сапасы, жеке қорғаныш құралдарын пайдалану, хирургия мен қауіпті бөлімшелердегі профилактика, сондай-ақ медициналық қалдықтармен жұмыс істеу толық тексеріледі.
Анықталған әрбір заңбұзушылық бойынша арнайы комиссия нақты мерзімдер мен жауапты тұлғаларды көрсете отырып түзету шараларын қабылдайды. ДДСҰ ұсыныстары негізінде әзірленген бұл құжат көптеген дәрілік препараттарға төзімді микроорганизмдердің таралуына тосқауыл қоюға бағытталған, өйткені МКБИ науқастың ауруханада жату мерзімін ұзартып, қосымша қаржы мен қиындықтар тудырады. Қорытындылай келгенде, бұл қағидалар МКБИ профилактикасының тиімділігін арттырып, ішкі бақылауды күшейтуге, персоналдың жауапкершілігі мен құзыреттілігін көтеруге, сондай-ақ асқынуларды емдеуге жұмсалатын мемлекеттік шығындарды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.



