spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарҚазақстандағы неонаталдық хирургия нәресте өмірін қалай сақтап қалуда?

Қазақстандағы неонаталдық хирургия нәресте өмірін қалай сақтап қалуда?

Jaqtime.kz Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес соңғы бес жылда Қазақстанда неонаталдық хирургияның қарқынды дамуы мен ерте диагностиканың жетілдірілуі арқасында күрделі оталардан өткен нәрестелердің 90%-дан астамы сәтті емделіп шықты. Осы кезеңде ауыр туа біткен даму кемістіктері бар жаңа туған нәрестелер арасындағы өлім көрсеткіші 22%-дан 6,9%-ға дейін үш еседен астам төмендесе, операциядан кейінгі өмір сүру деңгейі 84%-дан 93%-ға дейін артты. Бүгінгі таңда елімізде жыл сайын шамамен 1400 нәрестеге ота жасалып, мамандандырылған көмек барлық өңірдегі перинаталдық орталықтарда қолжетімді болып отыр.



Медициналық жүйедегі негізгі бағыттардың бірі – ұрықта ақау анықталған жағдайда жүкті әйелдерді мамандандырылған орталықтарға уақтылы бағыттау жүйесі. Заманауи пренаталдық диагностика әдістері 18–20 апта мерзімінде-ақ туа біткен кемістіктердің басым бөлігін анықтауға мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибеге сай, болашақ аналар арнайы орталыққа жіберіліп, ол жерде дәрігерлер босандыру әдісін анықтап, сәби дүниеге келген сәттен бастап көмек көрсету үшін медициналық топты алдын ала дайындайды. Отадан кейін нәресте өз өңірінде неонаталдық бейіндегі мамандардың бақылауында болады.

Елімізде алдын алу жұмыстары да белсенді дамуда. Атап айтқанда, 2025 жылғы тамыздан бастап іске қосылған «Аналар саулығы» бағдарламасы аясында әйелдерге 10 негізгі зерттеу түрі қолжетімді болып, қамту деңгейі 54%-ға жетті. Ал 2024 жылдан бастап ұрықты сақтау орталықтарында жұмыс істей бастаған «Бір күндік клиникалар» пренаталдық скринингпен қамтуды 10%-ға, патологияларды анықтауды 12%-ға арттырып, балалар мүгедектігін 8%-ға төмендетті. Сонымен қатар, Алматы мен Астана қалаларында ұрық патологияларын жатырішілік түзетуге бағытталған феталдық хирургия қарқын алып, бүгінде 39 ота сәтті жасалды.

Хирургиялық әдістер де түбегейлі жаңарып, қазіргі таңда жаңа туған нәрестелерге жасалатын оталардың үштен бірі шағын тіліктер арқылы аз инвазиялық тәсілмен орындалады. Бұл жарақаттылықты азайтып, сәбилердің тез сауығуына жағдай жасайды. Сонымен қатар, 2022 жылдан бастап ауыр тыныс жеткіліксіздігі кезінде қолданылатын ЭКМО технологиясы енгізіліп, диафрагмалық жарықтың ауыр жағдайларында тиімді қолданылуда. Отандық мамандар Орталық Азияда бұрын жасалмаған күрделі оталарды да меңгеріп, 2022 және 2024 жылдары сирек кездесетін бауыр ісігі бар нәрестелерге жасалған жоғары технологиялық оталарды сәтті аяқтады.

Бүгінде елімізде ауыр патологияларды емдеуде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді: туа біткен диафрагмалық жарығы бар балалардың өмір сүру көрсеткіші 80–90%, өңеш атрезиясында 85–95%, ал гастрошизис кезінде 90%-дан жоғары нәтиже көрсетуде. Шала туған нәрестелер арасындағы қауіпті некроздаушы энтероколит ауруынан болатын өлім-жітім диагностика мен уақтылы емнің арқасында 2,5 еседен астам азайды. Барлық күрделі жағдайларда неонаталдық хирургтер, неонатологтар, реаниматологтар, кардиологтар мен генетиктерден тұратын мультидисциплиналық топтар үйлесімді жұмыс істейді.

Алға қойылған жоспарлар қатарында күрделі оталарға дайындық кезінде 3D-модельдеу мен генетикалық технологияларды кеңінен енгізу, телемедицинаны дамыту және өңірлердегі жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бар. Мамандардың айтуынша, жүкті әйелдердің уақтылы пренаталдық тексерулерден өтуі мен мамандандырылған орталықтарда бақылауда болуы сәбидің дені сау болып өсуіне толық кепілдік береді.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР