Jaqtime.kz Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған республикалық кәсіби конкурс қорытындысы бойынша Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы «Беделді перзентхана» атағына ие болды. Мәртебелі марапат Медицина қызметкері күніне орай Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен салтанатты шарада табысталды.

Республикалық байқауда ана мен бала денсаулығын сақтау бағытында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген еліміздің үздік медициналық ұйымдары анықталды. Олардың қатарынан табылған Қызылорда облыстық перинаталдық орталығы – өңірдегі III деңгейлі перинаталдық көмек көрсететін жетекші медициналық мекеме.
Орталықта жүкті әйелдерді бақылау, пренаталдық және генетикалық скрининг, инвазивті диагностика, жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған көмек көрсету, сондай-ақ санитариялық авиация арқылы аудандық медициналық ұйымдарға әдістемелік және практикалық қолдау көрсету жұмыстары жүйелі жолға қойылған.
2025 жылы облыста тіркелген барлық босанудың 48,2 пайызы осы орталықта қабылданған. Заманауи технологияларды енгізу және материалдық-техникалық базаны нығайту бағытындағы жұмыстар нәтижесінде медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейі 92,07 пайызға жетті.
Ең бастысы, соңғы екі жылда орталықта ана өлімі тіркелмеген. Бұл көрсеткіш көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін айқын көрсетеді.
Биылғы жылдың алғашқы алты айында облыстық перинаталдық орталықта 3 051 сәби дүниеге келді. Оның ішінде 1 531 ұл және 1 520 қыз бала өмір есігін ашты. Сонымен қатар 34 егіз бен бір үшемнің дүниеге келуі көптеген отбасылардың қуанышын еселей түсті.



