Jaqtime.kz Қызылорда облысы прокуратурасының ұйымдастыруымен және облыс прокуроры Ризабек Ожаровтың төрағалығымен алимент өндіру мәселелеріне арналған шұғыл көшпелі алқа мәжілісі өтті.


Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, Әділет департаменті мен жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасы басшылары қатысып, бала құқығын таптаған қаскөй борышкерлер мен өз жұмысына атүсті қараған мамандардың әрекетін талқылады.
Прокуратура жүргізген ауқымды талдау аймақта алимент өндіру саласында қайталанатын жүйелі бұзушылықтардың белең алғанын ашық көрсетті.
Анықталғандай, 500-ден астам атқарушылық іс бойынша сот орындаушылары тек іс қозғау қаулысын қабылдаумен шектеліп, әрі қарай тиісті жұмыстарды мүлдем жүргізбеген. Бұдан бөлек, 12 борышкердің жалақысына өндіру қолданылмаса, 45 борышкердің мүлкі мен банк есепшоттарына шектеу қойылмаған, ал 362 борышкерге шетелге шығуына тыйым салу шаралары дер кезінде қабылданбаған.
Мұндай салғырттықтың сорақы мысалдары да жиында ортаға салынды.
Мәселен, Байқоңыр қаласының сот орындаушысы тарапынан шетелге шығуға дер кезінде шектеу қойылмауының салдарынан, 1 миллион теңге алимент қарызы бар борышкер көршілес Өзбекстанға бірнеше рет кедергісіз барып келген. Бұған қоса, аталған азаматтың меншігінде шетелдік автокөлігі болғанына қарамастан, сот орындаушысы екі жылдан бері оның 2 миллион теңге берешегін өндіруге ешқандай әрекет жасамаған.
Жалпы алғанда, жиында қаскөй борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тарту бағытындағы жұмыстардың жеткіліксіздігі, сондай-ақ Әділет департаменті тарапынан жүргізілген мемлекеттік бақылаудың нәтижелілігі төмен екендігі қатаң сынға алынды.
Басқосу барысында бас прокурордың қасақана жалтарған борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тарту тәртібі туралы Нұсқауы түсіндіріліп, аталған қадағалау актісіне сәйкес әзірленген бірлескен іс-қимыл жоспары мен жұмыс алгоритмі талқыланды.
Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға нақты тапсырмалар жүктеліп, алимент өндіру жұмыстарын барынша күшейту, қаскөй борышкерлерге қатысты заң талаптарын мүлтіксіз қолдану және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою міндеттелді.



