Jaqtime.kz Қызылордада пробация қызметі сотталғанға әлеуметтік қолдау көрсетті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық пробация қызметі есепте тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуді жүйелі түрде жалғастырып келеді. Жуырда пробация қызметкерлерінің қолдауымен тағы бір азаматшаға мемлекеттік әлеуметтік көмек рәсімделді.
Атап айтқанда пробация қызметі жергілікті атқарушы органдарға тиісті хаттар жолдап, нәтижесінде әйелге мемлекет тарапынан қарастырылған әлеуметтік көмектер тағайындалды. Сонымен қатар оған жеке кәсіп ашуға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грантқа құжаттар әзірлеу бойынша көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, оны тұрақты жұмыспен қамту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Көмек алған азаматша пробация қызметкерлеріне алғысын білдіріп, өз кәсібін бастауға мүмкіндік туғанына қуанышты екенін айтты.
– Қалалық пробация қызметі қиын жағдайда маған қолдау көрсетіп, құжаттарымды рәсімдеуге көмектесті. Әлеуметтік көмек алып, енді өз кәсібімді ашуға мүмкіндік туып отыр. Арманымның орындалатынына қуаныштымын. Көрсеткен көмектері үшін алғысымды білдіремін, – деді есептегі сотталған.
Пробация қызметінің негізгі мақсаты – есептегі азаматтарды қоғамнан оқшауламай, олардың қайта әлеуметтенуіне және бейімделуіне қолдау көрсету. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.