spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарҚызылордада «TURGYNDAR AMANATY» жобасы бастау алды

Қызылордада «TURGYNDAR AMANATY» жобасы бастау алды

Jaqtime.kz. Қызылордада «AMANAT» партиясының бастамасымен «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» тақырыбында аймақтық форум өтті. Жиында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, «TURGYNDAR AMANATY» жобасының негізгі бағыттары таныстырылды.

Форумға «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархаббат Жайымбетов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамыту орталығы» АҚ Тұрғын үй қатынастары және нормативтік-техникалық реттеу департаментінің директоры Марғұлан Абдыкаримов, Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов, жауапты басқарма басшылары, «Пәтер иелері ассоциациясы» мен пәтер иелері кооперативтерінің басшылары және өкілдері қатысты.


Партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, «TURGYNDAR AMANATY» жобасының көпқабатты үйлерді басқаруды жетілдіруге және тұрғындардың қатысуын арттыруға бағытталған тиімді тетік екенін атап өтті.

«Өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, қаланың сол жағалау бөлігінде жаңа шағынаудандар бой көтеруде. Соңғы үш жылда 939,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы, облыста 1,5 мыңға жуық көппәтерлі тұрғын үй бар. Қызылорда қаласында тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында 65 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасының да басты мақсаты – қолайлы, қауіпсіз, жайлы және заманауи қалалық орта қалыптастыру және тұрғындардың белсенділігін арттыру», — деді Ержан Жылқыбаев.

Жоба аясында МИБ және ПИК төрағаларын оқыту, кері байланысты күшейту, «Халық қатысатын бюджет» тетігін енгізу және белсенді азаматтардан кадрлық резерв қалыптастыру жоспарланған. Осы мақсатта партияның өңірлік филиалы жанынан арнайы фронт-офис құрылатын болды.


Мәжіліс депутаты Мархаббат Жайымбетов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы реформалардың басты мақсаты — тұрғындардың жауапкершілігін арттырып, басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Форум барысында Пәтер иелері ассоциациясының Қызылорда қаласы бойынша төрайымы Илимжаухар Сартова тұрғындар мен басқарушы компаниялар арасындағы байланысты нығайту қажеттігін айтып, Қызылордада орталықтандырылған билинг қызметін құру туралы ұсынысын жеткізді.


Жиында қатысушылар «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық әрі конструктивті диалог алаңына айналатынына сенім білдірді.


Кездесу соңында сала өкілдеріне «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің Алғыс хаты табысталып, партия қатарына жаңа мүшелер қабылданды.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР