Jaqtime.kz Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қызылорда облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Алмас Искаков өңірдегі экологиялық ахуал мен атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

(Фото Өңірлік коммуникациялар қызметі)
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері облыста 37 субъектіге мемлекеттік бақылау жүргізіліп, экологиялық заңнаманы бұзудың 83 дерегі анықталған. Нәтижесінде заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріліп, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар өндірістік экологиялық бақылау есебін тапсырмаған 17 табиғат пайдаланушыға қатысты шара қолданылған.
Брифингте құқық қорғау органдарымен бірлескен рейдтер барысында пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің 6 дерегі анықталғаны айтылды. Ал ғарыштық мониторинг нәтижесінде облыс аумағынан анықталған 50 заңсыз қоқыс орны толықтай жойылған. Осы көрсеткіш бойынша Қызылорда республикадағы алғашқы өңірлердің қатарынан көрінді.
Жарты жыл ішінде 265 сынама алынып, 2147 зертханалық зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде қоршаған ортаға кері әсер ететін бірқатар заң бұзушылық анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қабылданған. Сондай-ақ «Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, өңірде атмосфералық ауа мен су нысандары бойынша жоғары немесе экстремалды жоғары ластану жағдайлары тіркелмеген.
Бүгінде облыстағы ірі өндіріс орындарының барлығында эмиссияларды автоматты бақылау жүйелері енгізілген. Бұл жүйелер кәсіпорындардың шығарындылары туралы мәліметтерді Ұлттық деректер банкіне нақты уақыт режимінде жіберуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өңірде «Таза Қазақстан», «Таза жағалау», «Мөлдір бұлақ» және «Жер сағаты» экологиялық акциялары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Тұрғындар заңсыз қоқыс орындары мен экологиялық құқық бұзушылықтар туралы Telegram-бот арқылы да хабарлай алады.



