Jaqtime.kz Қызылорда облысында жоғалып кеткен 6 жастағы Медина Мұратбекқызын іздестіру жұмыстары қайғылы аяқталды. Бірнеше күн бойы толассыз жүргізілген іздеу шаралары нәтижесінде бүлдіршіннің денесі Әйтек су торабынан ағыспен төмен қарай 30 шақырым жерден, Сырдария өзенінен табылды. Құтқарушылар марқұмның мәйітін су айдынынан шығарды, деп хабарлайды Jaqtime.kz тілшісі.

Еске сала кетсек, кішкентай Медина 5 маусым күні кешке Қызылорда қаласының Сырдария өзені жағалауына таяу орналасқан «Рисмаш» ауданындағы үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған болатын. Осыдан кейін аймақта бірден ауқымды іздеу операциясы қолға алынды.
Бүлдіршінді табу үшін арнайы дрондар, қызметтік иттер, қайықтар мен сүңгуірлер тартылып, мамандар өзен бойын, жағалауды және оған іргелес аумақтарды бірнеше тәулік бойы жіті тексерді.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр және ресми ақпарат жарияланған жағдайда мәліметтер толықтырылады.



