Jaqtime.kz Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қала аумағындағы бірқатар маңызды нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Өңір басшысы алдымен Президент саябағына ат басын бұрып, ондағы көркейту-көгалдандыру процесін көзбен көрді.

Бұл заманауи демалыс аймағы тұрғындардың уақытын тиімді әрі жайлы өткізуі үшін толық жабдықталған. Саябақ аумағында субұрқақтар, амфитеатр, спорт, ойын, би, шахмат, баскетбол және футбол алаңдары орналасқан. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтары үшін биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, арнайы велосипед және жүгіру жолақтары, сондай-ақ санитарлық пункттер қарастырылған.

Жалпы аумағы 30,94 гектарды құрайтын саябақтың жасыл желекке бөленуіне ерекше екпін берілген. Бүгінгі таңда мұнда 15 түрлі 2018 түп ағаш көшеті, 16 түрлі 53 189 түп бұта және 17 түрлі 54 546 көпжылдық гүл көшеті отырғызылып, 2,7 гектар жерге газон төселді. Бұл жасыл аймақты жүйелі суару үшін заманауи спринклерлік және тамшылату технологиялары қолданылады. Нақтырақ айтқанда, демалыс орнының 32,07 пайызы абаттандырылса, 64,8 пайызы толық көгалдандырылған. Ал 1,66 пайызында қосымша ғимараттар мен құрылыстар, 1,47 пайызында субұрқақтар орналасқан.
Одан кейін аймақ басшысы тұрғын үй құрылысы үшін мемлекеттік жер қорына қайтарылатын учаскелерге барып, Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстарын тексерді. Жағалауды су тасқыны мен шайылудан қорғайтын бұл ауқымды жобаға мемлекеттен 2 млрд 996 млн теңге бөлінген. Құрылысты «Қаратас Майнинг» серіктестігі жүзеге асырып жатса, авторлық қадағалауды «Geopsd kzo», ал техникалық қадағалауды «Орда-S» серіктестіктері атқаруда.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі



