spot_img
spot_img
HomeЖаңалықтарТур аларда алданып қалмаңыз: демалысқа шығар алдында міндетті түрде тексерілуі тиіс құжаттар

Тур аларда алданып қалмаңыз: демалысқа шығар алдында міндетті түрде тексерілуі тиіс құжаттар

Jaqtime.kz.Жазғы демалыс маусымы басталған сайын туристік қызметке сұраныс артады. Алайда тартымды ұсынысқа алданып, құжаттарды тексерместен тур сатып алу кей жағдайда қаржылай шығынға, тіпті шетелде қиын жағдайға тап болуға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігі туристерге маңызды ескертулер жасады,- деп хабарлайдыJaqtime.kz.

Мамандардың айтуынша, ең алдымен тур ұсынған компанияның заңды түрде жұмыс істейтініне көз жеткізу қажет. Ол үшін турагенттен туристік қызметті жүзеге асыру туралы хабарламаны және компанияның мемлекеттік электронды тізілімге енгізілгенін растайтын мәліметтерді сұратқан жөн. Бұл — компанияның ресми түрде қызмет көрсететінінің басты дәлелі.

Сарапшылар туристік қызмет көрсету туралы шартқа ерекше назар аударуға кеңес береді. Құжатта сапар бағыты, мерзімі, турдың толық құны, төлем тәртібі, турдан бас тарту талаптары мен қаражатты қайтару шарттары нақты көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар тараптардың жауапкершілігі де анық жазылуы қажет.

Қаржылық қауіпсіздік те маңызды мәселе. Тур құнын төлегеннен кейін міндетті түрде фискалдық чек талап ету керек. Мамандар ақшаны менеджерлердің жеке шоттарына аудармауға шақырады. Себебі ресми төлем құжаты ғана туристің құқықтарын қорғауға негіз болады.


Тур толық рәсімделіп, брондау расталған соң туристке қажетті құжаттар пакеті берілуі тиіс. Оның ішінде:
— қонақ үй мен трансфер туралы ақпарат көрсетілген ваучер;
— әуе билеттері немесе маршруттық түбіртек;
— сақтандыру полисі;
— туристің құқықтарын қорғауды растайтын арнайы туркод болуы қажет.


Министрлік өкілдері төтенше жағдай кезінде туристерге Қазақстан азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің «Туристік Қамқор» жедел желісіне хабарласуға кеңес береді.

Жедел желі нөмірі: +7 700 112 2 112

Мамандардың сөзінше, қарапайым сақтық шараларын сақтау демалысты қауіпсіз әрі жайлы өткізуге мүмкіндік береді.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР